Жаңалықтар

Кедейлік шегінен асқан қазақстандықтар саны көбейген

Кедейлік шегінен асқан қазақстандықтар саны көбейген

Жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себеті құнынан (22 мың теңге) төмен қазақстандық отбасылар шамамен үш есе өскен, деп хабарлайды Жамбылинфо  El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бірнеше жыл бұрын билік өкілдері Қазақстанда кедейлер саны азайғанын мәлімдеп, сәйкес статистикалық мәліметтер келтірген еді. Алайда, бүгінде елімізде кедейлік деңгейі қарқынды өсіп келе жатқаны байқалады. Кедейлер барған сайын кедейлене түсуде.

Ал Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы кедейлік деңгейінен төмен өмір сүретіндер саны 2022 жылдан бері үш есе артқанын мәлім етті. Қазіргі уақытта мұндай санаттағы 9400 отбасы бар. 11 қазанда жарияланған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 2023 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша ресми белгіленген ең төменгі айлық күнкөріс деңгейінен төмен табысқа өмір сүретін Қазақстандағы үй шаруашылықтарының саны 135 200-ден 177 800-ге дейін өскен. Зерттеу деректеріне сәйкес, кедейлік шегінде өмір сүретін отбасылар санының айтарлықтай өсуі тіркелген, олардың айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 55 пайызын құрайтын азық-түлік себетінің құнынан да төмен болып шықты. zakon.kz-тің хабарлауынша, бүгінде кейбір депутаттар статистикадағы сәйкессіздік туралы мәселе көтеруде. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл азық-түлік себетінің құны көптеген сұрақтар туғызатынын, сондықтан кедейлік шегінен төмен өмір сүретін адамдардың статистикаға қарағанда әлдеқайда көп екенін мәлімдеді.

Статистика дұрыс емес болса, бүгінгі жағдайдың қандай екенін нақты айта алмаймыз. Тиісінше, бізде жоспарлау және сол жоспарларды орындауға байланысты проблемалар бар. Барлық есептік көрсеткіштер ойша алынған, төмендетілген болып шығады. Тұтыну себетін есептеу әдісінің өзі көптеген сұрақтар тудырады. Бүгінгі бекітілген әдістеме бойынша қарайтын болсақ, ондағы позициялар ХХ ғасырдың ортасындағы адамның қажеттіліктері секілді. Қазіргі таңда өмірлік маңызы бар көптеген қызметтер жоқ.

Оның үстіне, Қазақстан азық-түлік шығындарының көлемі бойынша антирекордтарды үнемі жаңартып отырады. Мәселен, 2015 жылдан 2022 жылға дейінгі статистикалық деректерге сәйкес, халықтың азық-түлікке жұмсайтын тұтыну шығындарының үлесі 43,8-ден 51,2%-ға дейін өскен. Бұл жағдайда көптеген қазақстандықтар табыстарының барлығын тек тамаққа жұмсайтын көрінеді. Аталған көрсеткішті ең кедей елдермен салыстыруға болады.