Жаңалықтар

Әкесінің «ерке баласы» Қуандық Бишімбаев туралы не білеміз?

Әкесінің «ерке баласы» Қуандық Бишімбаев туралы не білеміз?

9 қараша күні Астанадағы мейрамханалардың бірінде ер адамның әйелін ұрып өлтіргені туралы ақпарат тарады. Кейіннен күдікті ретінде бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырып, көпшілік зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдатуын талап етіп жатыр, деп хабарлайды Жамбылинфо  El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға елордадағы «Bau» мейрамханасының маңында болған. Алдын ала болжам бойынша, ол әйелі Салтанат Нұкенованы соққыға жығып, дене жарақатынан әйел жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған. Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев ғалым, техника ғылымының докторы, профессор, ҚР ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері. 2012-2016 жылдары V сайланған Мәжіліс депутаты болған. Жамбыл университетінің және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры. Сондай-ақ 2001-2012 жылдары - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болған. Қуандық Бишімбаев 1980 жылы 11 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген (43 жаста). Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1999), Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін (2001) және «Болашақ» бағдарламасы бойынша Вашингтондағы Вашингтон университетін (2001) бітірген.

2001 жылы Қазақстан Даму Банкінің қарыз алу және құрылымдық қаржыландыру департаментінің менеджері, қазынашылық операциялар департаментінің бас менеджері болып жұмыс істей бастады. 2003 жылы «Ұлттық инновациялық қор» АҚ басқарушы директоры және басқарма мүшесі болды. 2005-2006 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2006 жылы Премьер-Министр орынбасарының кеңесшісі болды. Сол жылы Индустрия және сауда министрлігі жанындағы Сауда саясатын дамыту орталығының президенті болып тағайындалды. 2007 жылы Индустрия және сауда вице-министрі болды. Бір жылдан кейін ол Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2011-2013 жылдары «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2013-2016 жылдары «Бәйтерек» холдингін басқарды. 2016 жылдың мамырында ол Ұлттық экономика министрі болды. Ол сол жылдың 28 желтоқсанында қызметінен кеткен. Экс президент Нұрсұлтан Назарбаев Бишімбаевтың «бұрын «Бәйтерек» холдингінің басшысы болған кезде күмән тудыратын істермен айналысқаны» туралы айтқан. Оған 2017 жылдың қаңтарында холдинг директоры болғанда Қызылорда қаласында әйнек зауытының құрылысы кезінде мердігерден ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталған.

Бұрынғы министрге қатысты сот төрт айдан астам уақытқа созылды. Бұл іске Бишімбаевпен  «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ-ның бұрынғы қызметкерлері, кәсіпкерлер мен құрылыс компанияларының өкілдері, барлығы 22 адам қатысты. Бишімбаев ісінде Қосшыдағы саяжай тәркіленді. Содан кейін сол жерде ауылдық клуб ашылды. Сот Астана маңындағы саяжай құрылысына 293 мың доллар жұмсалғанын атап өтті.

2018 жылдың наурызында сот экс-министрді 10 жылға бас бостандығынан айырған.  2019 жылы қыркүйекте Шымкент қаласы Абай аудандық соты Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босау туралы өтінішін қанағаттандырып, қарашада оның бостандыққа шыққаны белгілі болған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті шенеуніктің қамауда болған кезде «жақсы мінез-құлық» көрсетіп, сот тағайындаған «арыз-талапты өтегенін» хабарлаған. 2017 жылдың қаңтарынан бастап есептегенде экс-министр өз мерзімінің, яғни бастапқыда сот тағайындаған 10 жылдың 2 жыл 9 айын түрмеде өтеген.