Үкімет "Қазақстан балалары" бағдарламасын бекітті
Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram желісінде мәлім етті.
Бүгін Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында берген тапсырмасы негізінде әзірленген «Қазақстан балалары» бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бағдарлама мемлекеттің балалар құқықтарын қорғау саласындағы жұмысының тұрақты әрі жүйелі жалғасы болып табылады. Кешенді құжат негізгі салалардың барлығында балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға қатысты қолданыстағы тетіктерді біріктіруге және жүйелеуге бағытталған.
«Қазақстан балалары» бағдарламасы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтып, балалар мүддесіне бағдарланған саясатты дамытуға қатысты мемлекеттік тұрғыдан бірыңғай көзқарасты қалыптастырады. Сондай-ақ бағдарлама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді.
Бағдарламаны іске асырудың 2026–2030 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспары 158 нақты шарадан тұрады. Жоспар балалардың құқықтық қорғалуын, қауіпсіздігін және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Жоспар аясында денсаулық сақтау, балалар инфрақұрылымын кеңейту, балалар маршрутына цифрлық сүйемелдеу жүйесін енгізу, онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары және тағы басқа маңызды іс-шаралар қарастырылған. Сонымен қатар балалар құқықтары саласындағы нормативтік-құқықтық базаны одан әрі іске асыру және жаңарту жоспарланған.
Жалпы алғанда, «Қазақстан балалары» бағдарламасы – балалардың құқықтары мен болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытындағы негізгі мемлекеттік саясатқа ықпал ететін кешенді әрі ұзақ мерзімді құжат болып саналады. Балалардың қорғалуы мен қауіпсіздігі мәселесі басты бағыттардың бірі болып қала береді және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында.