Жаңалықтар

Конституциялық реформа – болашаққа жасалған стратегиялық қадам

Қазақстан Халық партиясы еліміздің барлық өңірлерінде Конституциялық реформаны түсіндіру жұмысын жалғастыруда.

Азаматтарға ұсынылып отырған өзгерістер, жаңашылдықтар және құжаттың нормативтік бөлігіне енгізілетін түзетулер туралы ақпарат берілуде. Сонымен қатар тұрғындардан ұсыныстар мен ұсынымдар қабылдануда.

ҚХП Ақсуат аудандық өкілдігінің басшысы (Абай облысы) Қайрат Қайырбаев жергілікті партия белсенділерімен «Жаңа Конституция – Қазақстанның құқықтық тірегі» деген тақырыпта пікірталас өткізді.

Жиынға қатысушылар Конституциялық реформа қоғамның дамуына қаншалықты ықпал ететіні жөнінде пікір алмасты. Басқосу барысында азаматтардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берілді. Пікірталас Конституциялық өзгеріс «Әділетті Қазақстан» қалыптастыру жолындағы маңызы қадам деген ортақ оймен түйінделді.

ҚХП Қызылорда облыстық филиалы «Конституциялық реформа – ел болашағына жасалған жаңа қадам» деген ұранмен жаңа Конституциясының жобасына арналған кеңес өткізді. Іс-шараға Қызылорда облысы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Қосбергенова, коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және бақылау бөлімінің басшысы Еркін Тәжікенов, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Дәулет Омаров, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Динара Серікқызы және қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек қатысты.

Басқосу барысында құжатқа енгізілетін негізгі өзгерістер мен толықтырулар кеңінен таныстырылды. Сарапшылар Конституциялық реформа қоғамдағы әділеттілікті нығайтуды, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруды және азаматтық белсенділікті күшейтуді көздейтінін атап өтті. Сонымен қатар құжатта азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға басымдық берілгенін тілге тиек етті.

ҚХП Түркістан облыстық филиалының ұжымы да белсенділермен бірге ұсынылып отырған Конституция жобасын талқылады.