Жаңалықтар

Құланда 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Облыста жыл соңына дейін тағы 54 үйді пайдалануға беру көзделіп отыр

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, баспанаға ие болғандардың қатарында көпбалалы аналар, әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен жетімдер бар.

Тұрғын үйдің құрылысы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген. 

Жаңа баспанада 1 бөлмелі – 20, 2 бөлмелі – 20, 3 бөлмелі – 40 пәтер бар.

Қазіргі таңда Т. Рысқұлов ауданында 2000-ға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. 

Атқамінерлер жыл соңына дейін тағы 60 пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отыр. 

Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл 2 909 пәтерлі 56 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл қорытындысына сәйкес 54 үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. 

Сондай-ақ осы күзде 14 шағынауданда 22 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған.