Жаңалықтар

ҰЛТ ҰСТАЗЫ ҰЛЫҚТАҒАН КҮН

ҰЛТ ҰСТАЗЫ ҰЛЫҚТАҒАН КҮН

Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ұлт ұстазы, ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым әдебиеттанушы, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» атты жастар арасында байқау өтті. Алаш арысының шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған байқауға ауданның 6 ауылдық округінен келген өнерпаздар қатысып, бақ сынады. Алғашқы кезеңде өнерпаздар Ахмет Байтұрсынұлының әдеби шығармашылығынан бір поэзиялық туындысын жатқа әрі мәнерлеп оқудан сайысты. Мұнда Ақбастау, Айшабибі және Өрнек ауылдық округтерінің атынан шыққан сайыскерлер үздік өнер көрсетті. Екінші кезеңде, яғни ақынның мысалдарын өмір жолын сахналауда Айшабибі мен Қаракемер, сондай-ақ, Ақбұлым ауылдық округтерінің қатысушылар үздік өнерімен көзге түсті. Мазмұнды шараны қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы Тұрсінхан Серікханұлы қатысушыларға Ахмет Байтұрсынұлының өнегілі жолы мен шығармашылық мұрасын насихаттап, дәріптеуге атсалысқаны үшін алғысын білдірді. Байқаудың екі кезеңі бойынша бірінші орынды Айшабибі ауылдық округінен келген Ару Күмісбек жеңіп алса, Қаракемер ауылдық округінен Ғұмар Жампоз екінші, Ақбұлымдық Малика Мұратова үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылардың атынан диплом мен сыйлықтар табысталды.