Ұлттық Банк цифрлық теңгеге қатысты алаяқтық схемалар туралы ескертті
Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық теңгеге инвестиция салуға шақыратын жалған ұсыныстарға байланысты алаяқтық оқиғалардың көбейгенін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, қаскөйлер әлеуметтік желілерде «цифрлық теңге мемлекеттік инвестициялық жобасы» туралы жалған жарнамаларды белсенді таратуда. Онда қысқа мерзімде жоғары табыс табуға болатыны және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылып, азаматтарды сендіруге тырысады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алаяқтар мұндай хабарламалар арқылы адамдарды фишингтік сайттарға бағыттайды. «Шектеулі ұсыныс» немесе «соңғы мүмкіндік» деген сылтаумен оларды жалған жобаларға ақша салуға итермелейді. Тіпті жалған платформаларда «өсіп жатқан табысты» көрсететін жеке кабинет те жасалады.
Ұлттық Банк цифрлық теңге – ұлттық валютаның цифрлық нысаны және тек заңды төлем құралы екенін атап өтті. Ол инвестициялық құрал болып саналмайды және табыс табуға арналмаған.
Осыған байланысты ведомство азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге, белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеуге шақырады. Сондай-ақ дербес деректерді жария етпеу, SMS-кодтарды және банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігін ескертеді.
Ұлттық Банк қызметкерлері азаматтарға хабарласып, инвестиция ұсынбайтынын және жеке шоттарға қызмет көрсетпейтінін мәлімдеді.
Алаяқтыққа тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Ал кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.