Жаңалықтар

Ұлттық мерекеде жамбылдықтар баспаналы болды

«Асарлатып үй салу» жобасы аясында құрылысы жүргізілген баспаналар үй иелеріне табысталды.

Республика мерекесінде жамбылдықтар баспаналы болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ұлттық мереке – Республика күніне орай Шу, Сарысу ауданы тұрғындарына пәтер кілттері берілсе, Т. Рысқұлов және Меркі аудандарында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында құрылысы жүргізілген баспаналар үй иелеріне табысталды.

Мәселен Шу ауданында 2 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегін күтуде. Аудан әкімінің деректеріне сүйенсек, баспана мәселесі өз уақытымен шешімі табылуда. Мысалы, алдыңғы жылы ауданға 60 үй берілген. Осы жылы 100 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, соның ішінде 12-сі айтулы күні қолданысқа берілмек.

Республика күнінде Сарысу ауданының тұрғындарына да баспаналы болу бақыты бұйырыпты. Сонымен қатар 8 пәтерлі тұрғын үй жаңарып, ел игілігіне берілді. 2023 жылы аудан бойынша 185 азамат пәтерлі болса, биыл 278 тұрғын үй беру жоспарланған.

Сондай-ақ қос аудандағы тұрғын үйлерге аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар баспаналы болды.

Айта кетейік, Меркі ауданында орналасқан  бес бөлмелі баспана Ержановтар әулетіне берілді. Аталған отбасының үйі мамыр айында өртке оранып, қиын күн туғанда ауылдастары қолұшын созып, баспанасыз қалған шаңыраққа үй салып беруге көмектесті. Жаңа баспанада барлық тұрмысқа қажетті жағдай жасалған.

Ал Т. Рысқұлов ауданы Әбжапар ауылында да асарлатып үй салынып, Сүгірәлиевтер отбасына табысталды.