Ұлттық құрылтай аясында әлеуметтік-мәдени дамудың өзекті мәселелері талқыланды
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қызылордада V Ұлттық құрылтай аясында «Әлеуметтік-мәдени даму» секциясының отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Отырыс жұмысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Талқылауға Парламент депутаттары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Жиынды ашқан Аида Балаева Ұлттық құрылтайдың қоғам үшін маңызы зор, тұрақты әрі жүйелі диалог алаңына айналғанын атап өтіп, онда ел дамуының ұзақмерзімді бағыт-бағдары айқындалып, өзекті әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланатынын жеткізді.
Секция отырысына қатысушылар өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды. Талқылаудың негізгі өзегін мәдениетті дамыту, креативті индустрияларды дамыту, әлеуметтік саланы жақсарту және отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері құрады.
Сондай-ақ балалар контентін дамыту және анимация индустриясын өркендету тақырыбы көтерілді. Осыған байланысты Аида Балаева мультфильм өндірісіне арнайы тоқталып, бұл бағыттың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Басқа да мәселелерді талқылау барысында қатысушылар мен сарапшылар ұлттық дәстүрді сақтау және «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру – қазақстандық қоғамды жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты. Осыған орай Аида Балаева аударуға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сонымен бірге заманауи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.
Бүгін Қызылордада «Білім және ғылым», «Азаматтық қоғам» және «Экономикалық даму» бағыттары бойынша тағы үш секцияда талқылаулар өтіп жатыр. Екі күн бойы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері талқыланатын болады.
Ертең, 20 қаңтарда, Мемлекет басшысының қатысуымен V Ұлттық құрылтайдың пленарлық отырысы өтеді. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен делегат ретінде келген Ұлттық құрылтайдың 110 мүшесі қатысады.