Жаңалықтар
"Ұлттық жоба аясында пайдалануға берілетін мектептердің барлығының оқыту тілі қазақ тілінде болады"- Динара Әбдіманатқызы
- авторjambylinfo.kz
- 19 шілде, 2023
- 372
"Ұлттық жоба аясында пайдалануға берілетін мектептердің барлығының оқыту тілі қазақ тілінде болады"- Динара Әбдіманатқызы
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жайлы бүгінде жиі айтылып жүр. Үш ауысымда оқу, спортзалдың жетіспеушілігі, мектепте бейнебақылаудың жоқтығы сынды түрлі қажеттіліктер осы ұлттық жоба шеңберінде шешіледі деп күтілуде. Аты айтып тұрғандай, бұл жоба жоспарлы түрде барлық жағынан оқушылардың жағдайын жақсарту мақсатында іске асады. Бұл жоба Жамбыл облысында қалай және қашан жүзеге аспақ? Қанша мектеп салынады? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында облыстық білім басқармасының материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің басшысы Жанабаева Динара Әбдіманатқызынан сұхбат алдық.
- Қайырлы күн, Динара ханым “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында қанша мектеп құрылысы жоспарланған және нақты қай аудандарында салынады?
2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда. Аталған жоба аясында Байзақ, Жамбыл және Меркі аудандарында бір мектептен соғылса, Қордай ауданында 3 мектеп, Шу ауданында 2 мектеп, ал, Тараз қаласында 4 мектеп пайдалануға берілмек. Жаңа мектептердің құрылыстары есебінен үш ауысымда оқытылатын және оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешілетін болады. 12 мектептің құрылысын жүргізу үшін барлығына мемлекеттік жер актісі алынған. Анықтама үшін: Байзақ ауданы бойынша 1 мектеп (Сарыкемер ауылындағы 600 орындық мектептер құрылысы); Жамбыл ауданы бойынша 1 мектеп (Шайқорық ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысы); Қордай ауданы бойынша 3 мектеп (Қарасу ауылындағы 300 орындық, Қаракемер ауылындағы 300 орындық, Қордай ауылындағы 900 орындық мектептер құрылысы); Меркі ауданы бойынша 1 мектеп (Меркі ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысы); Шу ауданы бойынша 2 мектеп (Шу қаласы мен Төле би ауылының аралығындағы 600 орындық, Шу қаласындағы 600 орындық мектептер құрылысы (Тоғай алқабы)); Тараз қаласы бойынша 4 мектеп (Шөлдала алқабындағы 600 орындық, №13 мөлтек ауданындағы 1200 орындық, №15 мөлтек ауданындағы 1200 және 2000 орындық мектептер құрылысы). Жоспарға сәйкес 2023 жылы 7 мектептің (Байзақ ауданы – 1, Қордай ауданы – 2, Тараз қаласы – 4), 2024 жылы 5 мектептің (Жамбыл ауданы – 1, Қордай ауданы – 1, Меркі ауданы – 1, Шу ауданы – 2) құрылысы басталады. 2023 жылы құрылысы басталатын 6200 орындық 7 мектептің құрылысына 15,1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Ескертпе: «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тарапынан мектептердің құрылысын жобалау тәртібі және мердігерлер мен жобалаушылардың тізімі анықталады. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының мердігерлері анықталған.
- Жайлы мектеп деген қандай мектеп? Оның басқа мектептерден ерекшелі неде ?
«Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептердің басты ерекшелігі бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға да тиісті жағдайлар жасалмақ. Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазіргі таңда біраз мектептерде таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады деп жоспарлануда . Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалмақ. Жайлы мектептердің құрылысын жүргізудегі тағы бір ерекшелік – құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
- Негізі ауыл мен қала мектептерінде едәуір айырмашылықтар бар. Мысалы интернет және басқа да кабинеттер жетіспеушіліктері. Ал бұл салынып жатқан жайлы мектептің ауыл немесе қалада деңгейі бірдей болады ма? Балалар үшін бейнебақылау камералары мен жеке дәретхана және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларына қаншалықты мән берілуде?
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынатын мектептер қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді деген сенімдеміз. Яғни, бұл мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша көңіл бөлінетін болады. Атап айтсақ, мектептерде балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр.
- Мектепке апаратын жолдар балалар үшін қауіпсіз бе, автобус бағыттары мен аялдамалар жарық па? Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған ба?
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің тек ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылымы да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілетін болады.
- «Ұлттық жоба аясында салынатын «жайлы мектептің» нешеуі қазақ тілінде білім береді? Бұл жобаның ішінде аралас, орыс тілінде білім беретін мектептер бар болса, жергілікті халықтың өтініші бойынша білім беру тілі өзгеруі мүмкін бе?
Ұлттық жоба аясында пайдалануға берілетін мектептердің барлығының оқыту тілі қазақ тілінде болады деп жоспарлануда. Себебі, қазіргі таңда облысымызда аралас немесе өзге тілді мектептерді ашу қажеттілігі туындап отырған жоқ.
- Бұл мектепке балаларды іріктеу арқылы қабылдайды ма?
Бұл мектептерге балалар іріктеу арқылы емес, тұрғылықты мекенжайы бойынша қабылданатын болады.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Сарысу ауданының 80 пайызы таза ауыз сумен қамтылып отыр
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024