жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Лудомания деген не және одан қалай құтылуға болады?

Лудомания деген не және одан қалай құтылуға болады?
Фото - ашық дереккөз
Лудомания – бүгінгі қоғамда кең таралып келе жатқан қауіпті тәуелділіктің бірі.

Құмар ойындар бастапқыда көңіл көтеру немесе қызығушылық ретінде көрінгенімен, уақыт өте адамды толық арбауына түсіріп, психологиялық, әлеуметтік және қаржылық дағдарысқа әкеледі. Бұл дерт әсіресе жастар арасында жиі байқалып жүр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Лудоманияның қандай ауыр салдары болатынын түсіну үшін оның құрсауынан өткен жандардың өмірлік тәжірибесіне назар аударған жөн. Солардың бірі – бүгінде тәуелділіктен арылу жолында жүрген кейіпкеріміз Қайрат.

25 жастағы Тараз қаласының тұрғыны Қайрат бай-қуатты отбасында тәрбиеленген. Ата-анасы жұмысбасты болып, балаларының тәрбиесіне көп көңіл бөлмеген. Ал Қайрат отбасындағы еркіндік пен қолжетімділікті пайдаланып, алғаш 7-сыныпта футбол матчтарына бәс тіккен. Кейіпкеріміздің өз басынан өткен жағдайы:

«Отбасымның маған деген сенімін лас дүниеге айырбастадым. Бала көңілім ойынқұмарлықты басында қызық көрді. Кейіннен қалай лудоманға айналғанымды сезбей қалдым. Дос ретінде сеніп жүрген жолдастарым жағдайымның жақсы екенін біліп, „ақшаңды үш есе қылып шығарып аласың“ деп алдап-арбап қастарына қосты. Тіпті солар үшін де ойынға ақша тігетінмін. Ата-әжемді, отбасымды алдап, „сабаққа керегімді алуым керек“ деп әрқайсысынан ақша алып жүрдім. Олар сол уақытта аса мән бермеді. Кейіннен мектеп бітіріп, ата-анам Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына ақылы оқуға түсірді. Бірде оқудың ақшасын да түгел ойынға тігіп жібердім. Сөйтіп, бірте-бірте қарызға бата бердім. Ата-анам білмесін деп достарымнан, жақындарымнан қарыз алдым. Осылай қарызға етім үйренді. Кейін бір қызды жақсы көріп, шаңырақ көтердік. Жұбайым жағымсыз әдетке үйір екенімнен беймәлім еді. Балалы болдық. Ойынқұмарлықтан бәрібір арыла алмадым. Отбасым, жақындарым туралы мүлдем ұмытып кеттім. Отбасымды асырауым керек деген жауапкершіліктен қаштым. Шаңырағымыз шайқалып, үйден береке кетіп, ұрыс-керістен арылмадық. Отбасыма, келіншегіме бәрі мәлім болды. Ойын ойнап отырған кезімде әкем келіп, көз алдымда жүрегі ұстап, сол мезетте дүниеден өтті. Сол қаралы оқиға әлі ойымнан кетпейді. Өмірден баз кешіп, өз-өзіме қол жұмсағым да келді. Сондай қиын кездерде келіншегімнің көрсеткен қолдауы мен үшін ауадай болды. Ең бірінші, өз-өзімді алдағанымды түсініп, психолог мамандармен жұмыс істедім. Өмірдің құндылықтарын кеш түсініппін», - дейді кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміздің бұл оқиғасы лудоманияның тек жеке адамның мәселесі емес, бүкіл отбасының, тіпті қоғамның басына түсер ауыртпалық екенін көрсетеді. Тәуелділік адамды жақындарынан алыстатады, сенімнен айырады, күнделікті өмірді күйретеді. Алайда лудоманиядан арылу мүмкін емес деп ойлау — қате.

Ең бірінші қадам — мәселені мойындау. Кәсіби психологтармен жұмыс істеу, отбасы мен жақындардың қолдауы, қаржылық бақылауды қолға алу және бос уақытты пайдалы, мәнді әрекеттерге бағыттау — тәуелділіктен шығудың негізгі жолдары.

Лудомания – жеңуге болатын дерт. Бастысы – адам өз өмірін өзгертуге дайын болуы және қолдау табуы. Кейіпкеріміздің мысалы көрсеткендей, дұрыс шешім қабылдап, көмекке жүгінген жан өз болашағын қайта құра алады.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар