сәрсенбі, 4 ақпан, 2026 19:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Сәрсенов дүниеден озды

Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Сәрсенов дүниеден озды
Фото: ҚР ІІМ
Қамбар Әмірұлы Сәрсенов 102 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Алматы қаласының полиция департаменті хабарлағандай, Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, милиция полковнигі Сәрсенов Қамбар Әмірұлы 102 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Терең күйзеліспен Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, милиция полковнигі Сәрсенов Қамбар Әмірұлының 102 жасқа қараған шағында дүниеден өткенін хабарлаймыз. Ол құқықтық тәртіп жүйесінің іргетасын қалауға негіз болған, елге адал қызмет еткен буынның көрнекті өкілі.

 Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов ардагердің өмір жолына тоқталып, көңіл айтты.

– Сәрсен Қамбар Әмірұлы – Жеңіс ұрпағына тән өкіл. Ол соғыс отын кешіп, кейін бар ғұмырын мемлекет пен қоғамға қызмет етуге арнады. Оның өмірбаяны – ерлік пен жанқиярлықтың, Отан алдындағы парызға шексіз адалдықтың айқын үлгісі. Ардагердің жарқын бейнесі әріптестерінің және кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталады. Марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтамыз, – деді ол.

Сәрсенов Қамбар Әмірұлы 1924 жылғы 25 қазанда Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының Күнтемес ауылында дүниеге келген.

1942 жылдың тамыз айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, 3-дербес бригаданың мергендер мектебіне курсант болып қабылданды.

1943 жылдан бастап Балтық майданының 4-екпінді армиясы құрамындағы 1911-атқыштар полкінде ұрыс қимылдарына қатысып, ауыр жарақат алған

1944 жылы емделіп шыққан соң қайтадан майданға жіберіліп, 51-Витебск Қызыл Тулы, II дәрежелі Суворов орденді атқыштар дивизиясының барлау ротасында қызметін жалғастырды.

Соғыс жылдарында Калинин және Псков облыстарын, Беларусь, Латвия, Литва, Польша аумақтарын, сондай-ақ Шығыс Пруссияны азат етуге тікелей қатысты.

1945 жылдың қараша айында Кеңес Армиясы қатарынан запасқа шығарылды. Соғыстан кейінгі жылдары партиялық қызметте еңбек етіп, кейін ішкі істер органдарындағы қызметке бар күш-жігерін арнады. Қазақ КСР ІІМ-нің ведомстводан тыс күзет басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.

Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Сәрсен Қамбар Әмірұлы I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, II және III дәрежелі Даңқ ордендерімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін" медалімен, сондай-ақ жиырмадан астам жауынгерлік және мерейтойлық медальмен марапатталған.

Сәрсен Қамбар Әмірұлының өмір жолы – майданда да, бейбіт өмірде де Отанға адал қызмет етудің, табандылық пен ар-намыстың, парызға беріктіктің биік үлгісі.

Ішкі істер органдарының қызметкерлері марқұмның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар