Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Таразда «Ұлы жеңіске тағзым» іс-шаралар кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті
Арналған тақырыптық іс-шаралар топтамасын Қазақстан Халық партиясы республика көлемінде өткізіп отыр
«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы жеңіске тағзым» іс-шаралар кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Ауқымды шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, сондай-ақ азаматтарға сұрапыл жылдардағы оқиғалар жөнінде толық ақпарат бере отырып, тарихымызды бұрмалап, қайта жазу әрекеттерінің алдын алу.
Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара ел үшін аянбай күрескен батыр бабаларымызды еске алу мақсатында 1 минут үнсіздікпен басталды. Расында зұлматты заманды бастан кешкен соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлерінің еткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа ұлы өнеге болып қалары сөзсіз. Жиын барысында келген қонақтар мен қатысушыларға соғыс жылдарынан бейне көрініс көрсетіліп, оркестрдің сүйемелдеуімен сол кезеңдердегі әндер шырқалды. Аталған шараның өтуіне мұрындық болған «Қазақстан Халық партиясының» ұжымы ардагерлерге арнайы гүл шоқтарын табыстап, өз алғыстарын білдірді. Сондай-ақ жиынның алғашқы сөз кезегі «Қазақстан халық Партиясы» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жанат Әбдуәліқызына берілді.
Әрине елімізді қорғау жолында қасық қаны қалғанша аянбай күрескен ата-бабаларымыздың ерлігін ел ішінен ұмыт қылмауымыз тиіс. «Атаның еккен ағашы, ұрпаққа сая» дегендей ардагерлеріміздің ерен ерлігінің арқасында білімді жастар бой түзеп келеді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Бейсембекұлының айтуынша атаны ардақтау ат ұстар азаматтың басты парызы.
Сонымен қатар іс-шара барысында «Кестелі орамал», «Жеңіс күнінде», «Жасай бер Қазақстаным» атты әндер шырқалып, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының оқушылары әскери киіммен би билеп, өткен күннің естелігін қайта еске түсіргендей болды.