Ұлытау облысында балабақша бухгалтері 15 млн жымқырған
- авторjambylinfo.kz
- 23 қыркүйек, 2024
- 356
Ұлытау облысында 15 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлағаны үшін балабақша есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Jambylinfo.kz Жоғары соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот өкілдерінің мәліметінше, балабақша бухгалтері қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі көлемде өзіне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлаған деп айыпталған.
“2021-2023 жылдары жалақысына коэффициентін жасанды түрде арттырып, банктегі шотына жалпы сомасы 15 миллионнан астам теңге аударған. Сотталушы сотта бұл қылмысқа қаржылық қиындықтардан (қарызын өтеу мақсатында) барғанын түсіндірген”, - делінген хабарламада.
Сотталушының кінәсі оның мойындауымен, куәнің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, төлем құжаттарымен, сотта зерттелген тергеу және жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен расталған. Шығынды толық өтеуі және асырауында үш кәмелетке толмаған баланың болуы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп танылған.
“Сотталушы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан және 10 жылға мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда тауарлық-материалдық құндылықтарға билік етумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды”, - делінген сот хабарламасында.
Қылмыстық кодекстің 63-бабына сүйене отырып, пробациялық бақылау белгіленіп, тағайындалған жаза шартты деп есептеледі.
Үкім заңды күшіне енді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз