дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 21:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялап, шаруалардың несиесін кешіру ұсынылды

Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялап, шаруалардың несиесін кешіру ұсынылды
Сурет ашық дереккөзден алынды
Облыстағы шағын ауылдардың өзінде жүзден астам жылқы құлаған

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин жылқылардың жаппай қырылуына байланысты Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялап, шаруалардың ауыл шаруашылығын дамытуға алған кредиттерін кешіруді ұсынды, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке Арқадағы қалың елдің мұңын жеткізді. 


«Арқада мал қырылды, қырылмағаны, көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға кірді. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден астам жылқы құлаған. Ауыл тұрғындары бағып отырған малдарының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына  ай жарымнан асты. Тек қана Қаражалдың өзінде – 566 бас жылқының өлексесі жиналды. Жиналмай дала шашылып жатқаны қаншама?!  Жұт тек Ұлытау жерінде ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды», - дейді Сатыбалдин үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.  


Айтуынша, осындай ауыр жағдайға қалған елге мемлекеттен дер кезінде қолдау көрсетілмеді. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды. 


«Қыстың ортасында жауған жауынды көріп, біліп отырған жауапты мемлекеттік мекемелер бола тұра, Ұлытау облысында болып жатқан табиғаттың қауіпті және дүлей құбылыстарының жұтқа әкеліп соғатыны туралы болжам жасап, жергілікті әкімдіктерге ескерте алмады. Мемлекеттік бақылау мен реттеудің салғырттығын осыдан да көрсек болады. Әріптесім, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың жұт туралы айтқан жанайқайына ауыл шаруашылығы министрлігі «малдың жаппай өлімі фактілері жоқ, Ұлытау облысында 67 жылқы малы өлімі тіркелді» деп аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлаудан әріге бармады. Жұт жайын қалың елдің арасына барып, білудің орнына комиссия жіберіп, өлексе санаумен шектелді. Үкіметтің бұл тірлігін Арқа жұрты "Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймынға» балап отыр», - деп ашынды мәжілісмен. 


Шаруалардың қиын жағдайына бей-жай қарай алмаған депутат жылқы малының жаппай қырылуына байланысты Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялауды және жұттан титыққан шаруаларға қолдау ретінде ауылшаруашылық мақсаттарға алған несиелеріне кешірім жариялауды ұсынды. 


Сонымен қатар ол зардап шеккен шаруа қожалықтары мен өлім-жітімге ұшыраған мал басы санағын жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тіркеуде болмаған малдардын санаққа енгізуге рұқсат беру қажет деп санайды. 


Бұдан бөлек мал өлекселерін жойып, малға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын да мемлекет есебінен ұйымдастыруды ұсынды.

Бөлісу:
Кенжекей
Автор

Кенжекей

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар