Жаңалықтар

Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялап, шаруалардың несиесін кешіру ұсынылды

Облыстағы шағын ауылдардың өзінде жүзден астам жылқы құлаған

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин жылқылардың жаппай қырылуына байланысты Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялап, шаруалардың ауыл шаруашылығын дамытуға алған кредиттерін кешіруді ұсынды, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке Арқадағы қалың елдің мұңын жеткізді. 


Айтуынша, осындай ауыр жағдайға қалған елге мемлекеттен дер кезінде қолдау көрсетілмеді. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды. 


Шаруалардың қиын жағдайына бей-жай қарай алмаған депутат жылқы малының жаппай қырылуына байланысты Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялауды және жұттан титыққан шаруаларға қолдау ретінде ауылшаруашылық мақсаттарға алған несиелеріне кешірім жариялауды ұсынды. 


Сонымен қатар ол зардап шеккен шаруа қожалықтары мен өлім-жітімге ұшыраған мал басы санағын жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тіркеуде болмаған малдардын санаққа енгізуге рұқсат беру қажет деп санайды. 


Бұдан бөлек мал өлекселерін жойып, малға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын да мемлекет есебінен ұйымдастыруды ұсынды.