Ұлытау облысындағы шахтада жұмыс 10 күнге тоқтатылды
Вице-премьер «Қазақмыс» корпорациясының басшылығымен кеңес өткізді
Ұлытау облысында орын алған шахта апатына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев тергеу шаралары мен сараптамалық жұмыстар жүргізілетіндіктен шахтадағы жұмыстардың 10 күнге тоқтатылатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тиісті тергеулерден кейін компанияда келісімшарттық міндеттемелер қайта қаралатын болады.
«Қауіпсіздік басты орында болуы тиіс. Газоанализаторлардың жұмысын нақтылайтын дабыл жүйесін орнату немесе газды жоюға қатысты келісімшарт талаптарын қайта қарау керек деп есептеймін. Алдағы 10 күн ішінде шахтаға тек сарапшылардың кіруіне рұқсат беріледі. Жүйе мен тәсілдерді түбегейлі өзгерту қажет, біз мемлекет тарапынан оларды күшейтеміз. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті құрылды, біз заңнамаға өзгерістер енгіземіз. Қазір Парламентте тиісті заң жобасы қаралып жатыр, осы заң жобасы шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша өкілеттіктер берілетін болады», – деді Қанат Бозымбаев.