Жаңалықтар

Мүмкіндігі мол Мойынқұм

Мүмкіндігі мол Мойынқұм

Біздің алға қойып отырған ауқымды жоспарларымыздың барлығы да ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында алдағы бағытымызды айқындап берді. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары – жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңдағы жұмыс барысы да осы бағытта құрылып отыр. Айталық, бүгінде ауданда бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан. Мәселен, аудан бойынша өнеркәсіп өндірісі 29 миллиард теңге көлемінде қалыптасты. Ал, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 6,1 миллиард теңгені құрады.

ӨНІМ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Осы жылдың төрт айында «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамының Ақбақай филиалы 676 килограмм алтын, 142 килограмм күміс, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС 330 мың тонна цемент, «Шығыс кен басқармасы» ЖШС 43 мың тонна барит рудасын өндіріп, ауданның өндіріс көрсеткішінің артуына өз үлестерін қосуда.

Ауданда өнеркәсіп саласын одан әрі дамыту мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында жалпы құны 3 триллион 49 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 1356 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Соның ішінде биыл жалпы құны 300 миллион теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, біріншісі, «Максутова» жеке кәсіпкерлігі «Балық өңдеу цехы» жобасын Мыңарал елді мекенінде жүзеге асырса, ол жобаның жалпы құны 260 миллион теңге, жылдық қуаттылығы 1156 тоннаны құрайды. Екіншісі, «Тайбағаров» жеке кәсіпкерлігі «Мойынқұм құс» жобасын Айдарлы елді мекенінде жүзеге асыруда. Оның жобалық құны 40 миллион теңгені құрайды, жылдық қуаты 720 мың дана тауық жұмыртқасын өндіруге қауқарлы.

Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы өнеркәсіп өнімінің жылдық көлемін 341 миллион теңгеге арттыруға мүмкіндік тумақ. Нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі жыл қорытындысымен 96,3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артатын болады.

Бұдан бөлек, «Total Erеn» ЖШС жобалық құны 1,7 миллиард долларды құрайтын «Жел энергиясын өндіру» жобасын Мирный елді мекенінде жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның жылдық қуаттылығы 1 гигаватты құрайды. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда 150 адамға жұмыс орны ашылатын болады. Серіктестік бүгінгі таңда еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен Мойынқұм ауданының Мирный елді мекеніне 42 мың гектар аумақта зерделеу жұмыстарын жүргізуге 3 жыл мерзімге мақұлдау алып, желді зерттеу машинасын және 4 жел мұнарасын орнатты. Электростанцияны кезең-кезеңімен салып, 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осы инвестициялық жобалар негізінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі алда еселеп артатын болады.

ӨСІМ ДЕ, ӨЗГЕРІС ТЕ БАР

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық бергені белгілі. Жолдау аясында жастарға жеңілдетілген несиелер берілуде. Жалпы, ауданда 2684 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 322 бірлікке өскен. Олардың 125-і шағын және орта кәсіпорын болса, 1669-ы жеке кәсіпкерлік субъектілер, ал 890-ы шаруа қожалық. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарын 25 азаматқа беру көзделген. Осы жылдың 4 айында 5 үміткер жобаларын қорғап, 6,9 миллион теңгені иеленіп, кәсіптерін бастап кетті.

Ауылшаруашылық саласында 4 айда өндірілген өнімнің көлемі 1,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда бір пайызға артып отыр. Осы жылдың өнімі үшін 5802 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылып, егіс алқабы 28 гектарға артты. Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан 3,7 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал елді мекен жайылымы 10,3 мың гектарға ұлғайды.

Жалпы ұзындығы 43 километрді құрайтын тоғандарды механикалық тазалауға бюджеттен 34 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар толық аяқталып, арналарға су түскен. Аудан бюджетінен тоғандардағы гидро құрылғыларды салу, шлюздерді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары да талапқа сай атқарылуда. Сонымен қатар, ауданда мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де артып отыр. Жыл басынан өндірілген ет көлемі – 1, сүт өнімі 0,7 пайызға артқан.

Ауданда 54 459 бас мүйізді ірі қара, 198 560 бас қой-ешкі, 11 498 бас жылқы, 1172 бас түйе және 26 650 үй құстары бар. Өткен жылға қарағанда мал санында өсім байқалады. Жыл басынан бері 53 миллион теңгені құрайтын 8 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы алынып, жаңару көрсеткіші 2,1 пайызға жеткен. Жыл аяғына дейін техника жаңарту үлесін 12 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Құрылыс жұмыстарының көлемі осы жылдың 4 айында 8,6 миллиард теңгені құрап, 7,6 есе өскен. Бұл облыс аумағындағы республикалық маңызы бар «Күрті-Бурылбайтал», «Балхаш- Бурылбайт ал» автомобиль магист ралы жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарының есебінен орындалып отыр.

Аудандағы автомобиль жолдарының ұзындығы 771,8 километрді құраса, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 342 километр. Ал, облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 271,6, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 158,2 километр. Биыл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 100 пайызды құрайтын болады.

«Асар» жобасы аясында 6 елді мекенде тұрғын үй салу жоспарланған. Ауданда 4 айда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 1200 шаршы метрді құрады. Коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 164 адам тұр. Сонымен қатар, жыл басынан бөлшек сауда тауар айналымы 933,7 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға артық орындалды.

Аудан бойынша 24 ауылдық елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жобалық құны 1 миллиард 461,3 миллион теңге болатын «Ақсүйек ауылын сумен жабдықтау және су тарату жүйесі» нысаны құрылысының жұмыстары аяқталады. Сонымен бірге, Көкжелек ауылының магистралдық және сумен жабдықтау желілерінің құрылысы да биыл тәмамдалады. Сондай-ақ, биыл Хантау ауылында магистралдық және сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізіледі.

Ауыз сумен қамтылмаған өзге елді мекендер облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес атқарылатын болады. Атап айтқанда, Ақбақай ауылындағы магистралдық және сумен жабдықтау желілерінің құрылысы 2024-2025 жылдарға, Қашқантеңіз және Бурылбайтал ауылдарындағы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары 2025 жылға жоспарланған.

Газдандыру бойынша ауданда тиісті жұмыстар атқарылуда. Шу ауданы Қонаев ауылының газ құбырына қосылу нүктесінен, Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылына дейінгі газ құбырлары жобасы 3 кезеңге бөлініп отыр. Қосылу нүктесі – Қылышбай және Биназар ауылдарында орналасқан шкафтық газ реттеу станциясы. Оның ішінде елді мекендерді газдандыру бойынша газ құбыры 2 кезеңге бөлінген. 1 кезең – Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек, 2 кезең – Хантау ауылына дейінгі газ құбыры. Ауыл ішіндегі газ тарқату желілері бойынша әр ауылға бөлек жоба әзірленуде. Жобаны аяқтау болжам бойынша осы жылдың үшінші тоқсаны.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ЕЛЕУЛІ КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

Білім саласына тоқталар болсам, ауданда 45 білім мекемесі бар. Оның 24-і мектеп, 15-і балабақша, 5-і мектептен тыс мекеме, 1-і коррекциялық кабинет. Мектептерде жалпы 960 педагог жұмыс істейді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков және Айдарлы ауылындағы № 2 орта мектептерін күрделі жөндеуге қаржы қаралды. Сонымен бірге, ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, биыл облыстық бюджетті нақтылауда Ақбақай ауылындағы Ақбақай орта мектебінің күрделі жөндеуіне және Қылышбай, Мойынқұм, Көкжелек, А.Назарбеков, Хантау, Қияқты және Ақсүйек ауылдарындағы орта мектептердің күрделі жөндеуіне жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы қаралатын болады.

Ауданда халыққа 25 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. Оның біреуі аурухана, 8-і дәрігерлік амбулатория, 5-і фельдшерлік- акушерлік тірек, 10-ы медициналық тірек, біреуі жеке тіс емдеу орталығы.

Денсаулық сақтау саласының бюджетіне келер болсақ, 2023 жылғы қаңтар-сәуір айларында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі 7,7 миллион теңгені құрады. Ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйке с о сы жылы Қарабөгет ауылында медициналық тірек ғимараты күрделі жөндеуден өткізілсе, Сарыөзек ауылында медициналық тірек ғимараты құрылысына жобалық-сметалық құжаты әзірленеді.

Мәдениет саласында 39 мәдени ошақ халыққа қызмет етуде. Ал, ауданда барлығы 143 спорт нысаны бар, атап айтқанда, 3 спорт кешені, 1 орталық стадион, 32 спорт зал және 107 спорт алаңдар мен алаңшалар. Бүгінгі күнге жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындардың үлесі 43,3 пайызды немесе 12432 адамды құрап отыр.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Айдарлы ауылында жоба құны 359,2 миллион теңгені құрайтын спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталатын болады. Ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, биыл Ақбақай ауылында шағын футбол алаңы орнатылса, Бірлік ауылындағы шағын футбол алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, Бірлік ауылында стадион құрылысына жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Сонымен қатар, демеушілер есебінен Ұланбел ауылында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік желілерді дамыту қорының, «QazaqGas барлау және өндіру» ЖШС және «Дамыған әлем» қоғамдық қорымен, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-мен, Мыңарал ауылында шағын ойын алаңшаларын салып пайдалануға берді.

Жыл соңына дейін 1906 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға кешенді жоспар берілген. Төрт айдың қорытындысымен 864 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Әлеуметтік жұмыс орнына 70 адамға, жастар тәжірибесі бойынша 20 жасқа, ақылы қоғамдық жұмысқа 402 адамға жолдама берілді. 169 жұмыссыз тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындаған міндеттерді басшылыққа ала отырып, жүйелі жұмыс істейтін боламыз.