МӘМС: Жаңа заң халыққа қалай әсер етеді
Жаңа ережелер мен нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне енгізілген өзгерістерді бекітіп, жаңа заңға қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл реформалар сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттырып, медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуді көздейді.
Қазіргі жағдай
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мәліметінше, бүгінде Қазақстан халқының 83%-ы сақтандырылған. Дегенмен, шамамен 3,3 миллион адам МӘМС жүйесіне кірмей отыр. Мысалы, облыс деңгейінде бұл көрсеткіш 80,8%-ды құрап отыр, ал 225 мыңнан аса азамат жүйеден тыс қалған.
Әлеуметтік осал топтарды қамту
Президенттің тапсырмасына сәйкес, енді әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарналарын жергілікті бюджет төлейтін болады. Бұл өзгеріс дағдарыстық жағдайда (D және E деңгейі) тіркелген азаматтарға қатысты. Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар бюджет есебінен төленеді. Осылайша, 2026 жылы қосымша 1 миллионға жуық адам МӘМС жүйесімен қамтылмақ.
Сақтандырылған мәртебені сақтау жеңілдеді
Жаңа заңға сәйкес, енді азаматтар кемінде 5 жыл қатарынан жарна төлесе, уақытша жарна аудармаған күннің өзінде 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұрын бұл мерзім 3 ай болатын.
Тегін медициналық көмектің кеңеюі
2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер ТМККК тізіміне енгізіліп, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтарға тегін болады. Сонымен қатар, келесі 8 ауру түріне күдік туындағанда да тегін консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі:
- Туберкулез
- АИТВ
- Гепатит және бауыр циррозы
- Қатерлі ісіктер
- Психикалық бұзылыстар
- Орфандық аурулар
- Жүрек инфаркті
- Инсульт
МӘМС пакетінің кеңеюі
2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне мына қызмет түрлері енгізіледі:
- Амбулаторлық диализ
- Созылмалы аурулардың 12 тобына арналған динамикалық бақылау
- Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету
- Жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек
Жарна мөлшерлемесі өзгереді
2026 жылдан бастап жарна есептеу шегі жаңартылады:
- Жұмыс беруші үшін – 40 ЕТЖ
- Қызметкер үшін – 20 ЕТЖ
Бұл өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын сақтап, шамадан тыс салық жүктемесінің алдын алуға бағытталған.
Мемлекет төлейтін жарналар
Жеңілдікке ие 15 санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл қатарда балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. 2025 жылы жарна мөлшерлемесі 2% болса, 2027 жылы – 2,2%, ал 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін өсуі мүмкін.
Жүйенің табысы артады
Жаңа өзгерістердің нәтижесінде МӘМС жүйесінің жылдық табысы шамамен 200 млрд теңгеге артады деп болжануда.