Жаңалықтар

МӘМС жүйесін жетілдіру қандай мәселелерді шешеді

Қазақстандықтардың отандық медицина қызметіне қаншалықты көңілі толады

  Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауаптыларға әлеуметтік қолдау ісін реттеп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы өз сөзінде денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажеттігін жеткізді, деп хабаралайды Jambylinfo.kz

  Ал алты жыл бұрын енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруда ел күткен үдеден шыға алмауда. Бұған МӘМС-ке қатысты қарапайым халықтан түскен шағым мен қызметтің сын көтермейтіндігі нақты дәлел.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда халықтың осал топтарының медициналық көмекке қолжетімділігін жетілдіру және медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келер жылдан бастап сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 миллионнан аса азаматты тартуға мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленеді деп күтілуде. Бұл – азамат-тардың қалта шығындарын едәуір төмендетуге, олардың қаржылық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталмақ. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында осылай деген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кейінгі 10 жылда денсаулық сақтау саласын жетілдіру мақсатында жүргізілген бірқатар ауқымды реформаның нәтижесінде халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері оң нәтижеге ие болғанын айтты. Сала басшысы демографиялық көрсеткіштерге байланысты денсаулық сақтау жүйесі бюджеттік модельден бюджеттік-сақтандыру моделіне көшірілгенін атап өтті.

Атап өтерлігі, осынау жүйе шеңберінде былтыр 5 бейін бойынша тарифтерді ұлғайту бағытына басымдық беріліп, нәтижесінде медициналық ұйымдарда көрсетілетін көмектің сапасын едәуір арттыруға, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік туыпты. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, консультациялық-диагностикалық, КТ және МРТ қызметтерінің саны 7 есе өскен. Десе де, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, бұл өсулер ауруды ерте анықтауға еш әсер етіп жатқан жоқ. Оның сөзінше, жылдың басында депутаттардың халықпен кездесуінде еліміз-дің барлық өңірінде медициналық қызмет көрсетудің қолжетімсіздігі мен сапасының төмендігі туралы көп шағым түскен.

Айта кетейік, бұған дейінгі аудиттік тексерулер бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен негізгі мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасының арасында байланыстың жоқтығын көрсетті. Мәселен, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру кезінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға 8 миллион теңгеге дәрі-дәрмек ресімдеу фактілері анықталған. Сондай-ақ, бұл кезеңде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және тегін кепілдендірілген медициналық көмек есебінен медициналық қызметтер көрсе¬туге бөлінген қаражаттың 31 миллиард теңгесі тиімсіз пайдаланылғаны белгілі болған. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр. Өйткені, МӘМС қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді. Себебі, қаражат әр емделген жағдайға емес, әр қызметке төленеді. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың төмен деңгейі де бас ауруға айналды. Мысалы, осы кезге дейін еліміздегі медициналық ұйымдардың тек 48 пайызы ғана өз қызметкерлерімен сақтандыру шартын жасасқан.

Қорыта айтқанда, бұл салада әлі де уақыт күттірмейтін әрі тиімді шешімін талап ететін проблемалардың бар екені рас. Жалпы, МӘМС жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және оны жетілдіруді қамтамасыз ету – аса маңызды. Бұл ретте медицина саласын цифрландыру, тәсілдерді жаңарту үрдістерімен ұштастыру қажет секілді. Себебі, мұндағы қаржы қоры – мемлекеттің, жұмыс беруші ұйымның, жұмыскерлердің және өзін-өзі сақтандырушылардың аударымдары мен жарналарының есебінен құралады. Ал жиналған қаржы тек медициналық көмекті тұтынушыларға жұмсалса жақсы. Президент айтқандай, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастырудың басты мақсаты да осы.