МӘМС жарнасынан кімдер босатылады және олардың жарнасын кім төлейді?
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 15:38
- 50
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облысы бойынша филиалы хабарлады.Филиал директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, төменде көрсетілген азаматтар МӘМС жүйесінде мемлекет есебінен сақтандырылады.
Олар:
Балалар;
Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер (соңғы екі айда олар үшін зейнетақы және әлеуметтік аударымдар жүргізілмеген жағдайда);
Үш жасқа дейінгі баланың заңды өкілдерінің бірі – жұмыс істемейтін ата-ана;
Жүктілік пен босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты демалыста жүрген адамдар;
Мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде ҰОС ардагерлері;
Сот үкімімен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдар (ең төменгі қауіпсіздік мекемелерін қоспағанда);
Тергеу изоляторларында отырған, сондай-ақ қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін тұлғалар;
Жұмыс істемейтін қандастар;
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, сондай-ақ «Ана даңқы» І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
Мүгедектігі бар адамдар;
Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын студенттер;
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыс істемейтін тұлғалар;
Ресми түрде тіркелген жұмыссыздар (2026 жылдан бастап олардың МӘМС жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейді);
2026 жылдан бастап дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейіндегі (D және E санаттары) азаматтар мен ресми тіркелген жұмыссыздар МӘМС жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады. Бұл шара республика бойынша шамамен 1 миллионға жуық адамды қосымша сақтандыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында D және E санаттарына жататын азаматтардың саны шамамен 69 мың адамды құраса, ресми түрде тіркелген жұмыссыздар саны 13 мыңнан асады.





