Жаңалықтар

Мәскеуде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтті

Бұл туралы Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

  Мәскеудің «Геликон-опера» музыкалық театрында қазақтың ұлы композиторы, дирижері, КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Әлқисса» концерті ұйымдастырылды.

Іс-шараға көрермендер көп жиналып, концерт ұзаққа созылған ыстық ықылас пен зор қошеметке бөленді.  Бұл кеш ЮНЕСКО-ның мерейтойлық даталар күнтізбесіне енгізілген композитордың 100 жылдығына арналған халықаралық бағдарламаның бір бөлігі болды.

Кеш барысында Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, Нұрғиса Тілендиевтің тек композитор ғана емес, ойшыл болғанын атап өтті.

Көрермендердің ерекше ықыласына композитордың қызы, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Дінзухра Тілендиеваның орындауы ие болды.

Сонымен қатар, театр фойесінде Жамбыл Жабаев атындағы Әдеби-мемориалдық музей қорынан әкелінген жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Музей директоры, ұлы ақынның немересі Салтанат Жамбылова 1936 жылы дәл осы Мәскеуде Жамбыл бүкілодақтық танымалдылыққа ие болғанын еске салды.

Мерейтойлық кешті Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі ұйымдастырды. Елшілік өкілдерінің айтуынша, концерт пен көрме Мәскеу жұртшылығына қазақ мәдениетінің бай мұрасын танытып, ерекше әсер қалдырды.