Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Шардара су қоймасын жедел тексеруді сұрады

Мәжіліс депутаты Шардара су қоймасын жедел тексеруді сұрады

Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан Шардара су қоймасында су тасқыны қаупі барын ескертті, деп хабарлады Жамбылинфо Halyq Uni сайтына сілтеме жасап. Оның айтуынша, БАҚ-та Шардара су қоймасының толып кету және Сырдария өзенінің бойындағы елді мекендерді су басу қаупі туралы ақпарат жарияланып жатыр. «Сайлаушылардан осы жөнінде хаттар да, қоңырау да келіп түсуде. Халық қорқып, үрейленіп отыр. Сардоба су қоймасының жойылуының салдары әлі ұмытылған жоқ. Олар Шардара су қоймасының одан бірнеше есе асып түсетінін жақсы түсінеді», - деді ол Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында. Құдайберген Ержанның айтуынша, «Шардара» су электр станциясының жұмысы жабдықтар мен құрылысқа теріс әсер ететін шекті нормадан асқан. Депутат Бас прокурор Берік Асыловтан нысанды тексеруді сұрады.

Айта кетейік, Шардара су қоймасы Түркістан облысында орналасқан. Қойманың жалпы сыйымдылығы – 5 млрд 200 млн текше метр.