дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 14:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мақсат – сайлауға сенім арттыру

Мақсат – сайлауға сенім арттыру
egemen.kz
Жақында облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ залының» «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында «Медиакоммуникациялық алаңның сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы рөлі» тақырыбы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараны облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды

Жиынға облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, олардың Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген әріптестері, БАҚ өкілдері қатысты.«Дөңгелек үстел» Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүлшоғын қоюдан басталды. Сонымен қатар «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығындағы кездесуге қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жамбылдықтардың ерліктерін көрсететін көрмеге қойылған мұрағаттық құжаттармен танысты.Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қазіргі қоғамда сайлау процесі демократияның маңызды құралдарының бірі екендігін айтып, алайда соңғы кездері сайлаушылардың азаматтық белсенділігі төмендеп бара жатқанын сөз етті. Бұл әсіресе аудандарда, шалғай ауылдарда қатты байқалады екен.– Дауыс берушілердің сайлауға араласу деңгейі төмен болуының бірнеше себебі бар. Сайланушыға сенімсіздік білдіру, заңды білмеу деген секілді факторлар әсер етеді. Сондай-ақ хабарлама, түсіндіру жұмыстары дұрыс атқарылмағандықтан сайлау деңгейі төмен болып жатады. Осы келеңсіздіктің барлығын сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен күш-жігері арқылы жеңуге болады. Осы орайда БАҚ рөлі – халық пен билік арасындағы дәнекер. Жасап жатқан жұмыстарымыздың, жетістіктеріміздің барлығын да халыққа жеткізіп отырған журналистер, – деген С.Айдапкелов жиынға қатысушылардан сайлау үдерісін ақпараттық кеңістікте қалай тиімді көрсетуге болатыны туралы өз ойларымен бөлісуді сұрады.

«AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сайлау үдерісінің қоғамдық-саяси маңызын түсінетінін, алайда дәстүрлі басылымдардың ықпалы төмендеп бара жатқанын мойындау керектігін айтты. Сондықтан халық арасында мемлекеттік саясатты түсіндірудің маңыздылығын түсіне отырып, холдинг заман талабына сай шаралар қабылдауда.– Атап айтқанда, жыл басынан бері абоненттерге ақпаратты жедел жеткізуге мүмкіндік беретін цифрлық контент орталығы жұмыс істейді. Бірақ бұл ретте депутаттыққа кандидаттардың немесе әкімдердің өздерінің белсенділігі қажет екенін айта кеткен жөн. Олар сайлаушылар арасында көбірек қызығушылық танытса жақсы болар еді, – деді Д.Асқарұлы.


Бұл ойды Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов та қолдап, өзі тұратын округте үміткерлердің тұрғындармен кездесуге келмейтінін айтты.
Облыстық мәслихаттың депутаты, журналист Оралхан Дәуіт те осы мәселеге қатысты ойын білдірді. – Үгіт науқаны кезінде партия кандидаттарының материалдары бұқаралық ақпарат құралдарына бірдей – көлемі мен орналасуы бойынша ұсынылуы тиіс. Яғни теңдік принципін сақтау маңызды. Алайда кандидаттардың белсенділігі әртүрлі. Біреу жиналыстар өткізіп, өз сайлау округінің мәселелерімен қызығушылық танытып, ақпараттармен бөлісіп жатса, өзгелердің белсенділігі мүлдем төмен. Заңға сәйкес үміткерлердің қызметін жариялау үшін тілшілер ақпарат сұратса, беретін дайын мәліметі жоқ. Ал теңдік қағидасын сақтау үшін жалпы сипаттағы немесе басқа қалалардағы іс-шаралар туралы партиялық материалдарды басылым беттеріне, телеарналарға жариялау қажет. Сайлаушыларымен кездесу өткізбейтін, олардың мүң-мұқтажын тыңдамайтын, тілшілермен тығыз жұмыс жасамайтын кандидатқа халық қалай сенім артсын, – деген Оралхан Әбдірашұлы науқанды өткізудің кейбір шарттарын өзгерту мүмкіндігі туралы мәселе көтерді.Облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева сайлаушылар сенімінің басты шарты шынайы ақпарат екенін атап өтті. «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Бекет Момынқұл сайлау учаскелеріндегі заңбұзушылықтар туралы ақпаратты жасырудың қажеті жоқ екенін тілге тиек етті. «Өйткені шындықты жасыру арқылы біз Әділетті Қазақстанды құра алмаймыз» деген ойын ортаға салды.Басқосуда ардагер журналист Көсемәлі Сәттібайұлы мен  «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Мишель Тё да тақырыпқа қатысты орамды ойларын ортаға салды.Өз кезегінде Қызылорда облысынан келген қонақтар баяндама жасап, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша тәжірибелерімен бөлісті.Кездесу барысында БАҚ басшылары мен аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жиын сайлау науқанына белсене атсалысқан бірқатар БАҚ өкілін облыстық сайлау комиссиясының алғыс хаттарымен марапаттаумен аяқталды.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар