Жаңалықтар

Майқайыңдағы апат: адамдарды іздеуге халықаралық құтқарушылар шақырылмайды

Бірінші вице-премьер Роман Скляр «Майқайыңалтын» шахтасы аумағында шұңқырға құлаған адамдарды іздестіруге халықаралық құтқарушылар шақырылмайтынын айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Төрт адам мінген автобус бір айдан бері табылмай жатыр. Құтқарушылар тек екі адамның ғана мәйітін алып шықты, қалған екеуін әлі іздеп жатыр.

«Майқайыңға халықаралық құтқарушыларды шақырудың қажеті жоқ. Себебі мұндай тәжірибе бұрын-соңды ешкімде болмаған. Төтенше жағдайлар министрлігі шұңқырға құлаған құтқарушы әріптестерін құтқару үшін бар күшін салды. Жұмысшылары қаза тапқан ұйым да қолдан келгеннің бәрін жасады», – деді Скляр үкімет кулуарында.

Оның айтуынша, іздеу құтқару жұмыстары қашанға дейін жалғасатыны әзірге белгісіз.

Еске салсақ, биыл 4 қаңтарға қараған түні «Майқайыңалтын» шахтасының маңында төрт адам мінген автобус шұңқырға құлап кетті. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде екеуінің денесі табылды. Қалған екі адам және автобус әлі табылған жоқ.