ҚМДБ 2026 жылғы пітір садақаның мөлшерін жариялады
Биыл Рамазан айы 29 күнге созылады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы 2026 жылғы Рамазан айына орай өткен Төралқа мәжілісінде пітір садақасының мөлшерін мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Оның айтуынша, 2026 жылы пітір садақасы 735 теңге көлемінде белгіленді. Бұл сома еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасы негізінде есептелген. Ұн бағасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қала және облыстардағы өкілдіктерінің мәліметтері бойынша анықталған.
Сонымен қатар пітір садақасын құрма немесе мейіз бағасымен де беруге болады. 2026 жылғы нарықтық орташа бағалар төмендегідей:
Бидай 2 кг – 318 теңге
Ұн 2 кг – 735 теңге
Арпа 4 кг – 514 теңге
Мейіз 2 кг – 6400 теңге
Құрма 4 кг – 12400 теңге
Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.
Осыған орай 2026 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 735 теңге етіп белгіленді.
Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 (төрт мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді», – деді ҚМДБ төраға орынбасары.