дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 20:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

"Медиа әлем және тәрбие"

"Медиа әлем және тәрбие"
ашық дереккөз
Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тәуелсіздік» залында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Медиа әлем және тәрбие» тақырыбында студент жастармен кездесу өтті.

Іс-шараға «Аulieata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман және «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, «Тaraz 24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасы төрайымының орынбасары Нұргүл Оспанбекова, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының сарапшысы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аналар кеңесінің төрайымы Ардақ Жантаева қатысып, қазіргі уақыттағы бала тәрбиесі туралы өз ойларын ортаға салды. 

Кездесуді «Сенімен Болашақ» РҚБ облыстық филиалының директоры Дәурен Бағжанов жүргізіп, аталған бірлестіктің әр өңірде 16 филиалы жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек өз сөзінде бүгінгі кездесудің маңызы зор екенін, қазіргі қоғамда жастарды әлеуметтік желі көбірек тәрбиелеп жатқанын жеткізді. Мұндайда медиа әлем мен тәрбиенің байланысына айырықша назар аудару керектігіне тоқталды. 
Бүгінгі ұрпақтың тәрбиесі тек отбасы мен ұстаздан емес, медиа арқылы бойына сіңіріліп жатқаны жасырын емес. Сондықтан да медианың ұрпақ тәрбиесіне беретін әсері мол. Міне, осы бағытта баяндама жасаған Д.Асқарұлы жаңа медиа коммуникацияның отбасы институтын қалыптастырудағы ықпалына және бала тәрбиесін жолға қоюдағы бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа мүмкіндіктеріне айрықша тоқталды.

– Өздеріңіз көріп-біліп отырғандай, қазіргі таңда қоғамда «Жаңа медиа» ұғымы пайда болды. Бұл – сіз бен біздің қолымызда жүрген күнделікті гаджетіміздің ішіндегі үлкен ақпарат айдыны. Дүние дүбірін өткен дәуірдегідей дүрбіден емес, сүйкей салатын смартфоннан оқып, білу – үйдегі тәрбиелеп отырған ұл-қызымызға айтарлықтай жаңалық емес. Ал біздің орта буын дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың трансформациясын, яғни жаңа жүйеге көшу үдерісін іс жүзінде көрді.

Осы ретте әлеуметтік медианың қоғамдағы рөлі, оның ішінде ұрпақ тәрбиесіне ықпалы күн санап артып келеді. Бесіктегі баладан егде жастағы қарияға дейін замана көшінен қалыс қалмай, интернеттің иірімінен шықпайтынын көп байқаймыз. Шын мәнінде, цифрлық технологиялардың қарыштап дамуы мол мүмкіндіктермен қатар, зиянды әрекеттер мен қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бастау алуына да түрткі болуда. Мәселен, бүгінде ел аумағында 9 миллионнан астам азамат ғаламторды үздіксіз пайдаланады десек, оның ішінде жастардың 80 пайызы экстремистік ұйымдарға дәл осы интернет желісі арқылы шырмалады. Сол арқылы ұлттық құндылықтың дәстүрлі қайнар көздері саналатын кітап пен газет-журналдар жастар арасында соңғы орынға ысырылып бара жатқанын мойындауымыз қажет. Осы олқылықтардың алдын алып, кемшін тұстарымыздың кетігін түзеу мақсатында жаңа медианы дәстүрлі құндылықпен байланыстырудың маңызы зор, – деген Данияр Асқарұлы әлеуметтік желі қолданушыларынан кең көлемде қолдау тауып отырған қазақ тіліндегі комикстердің дамуына да тоқталып, елімізде алғаш болып осы бағытта жұмыстарды қолға алған «Qazcomics» жобасының жұмыстарын атап өтті.

– Қазақ ертегілерінің желісі бойынша иллюстрация жұмыстарын жүзеге асыратын жоба бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтың дәнін себуді көздейді. Бастама аясында қазақ әдебиетінің ең көне ертегілерінің бірі саналатын «Ер Төстік» сұраныс бойынша көш бастаған. Осыған қарап-ақ смартфон арқылы 15 секундтық видеолар көріп жүрген бүлдіршіндерге комикстердің тигізер пайдасын білуге болады. Сондықтан алдағы уақытта әлемнің озық елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, ақпараттық-танымдық бағытта хабар таратуға көшу керек. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің цифрлық ақпарат құралдарын оң бағытта кәдеге жаратуына түрткі болар еді. 

Сонымен қатар қазақ телекоммуникациясының соңғы жылдардағы бала тәрбиесіндегі оң жетістігі – отандық дубляж саласының дамуы. Бұл бағытта республикалық телеарналардағы шетелдік анимациялық туындылар мен «Balapan» балалар арнасындағы ұлттық жобалар сәтті жүзеге асты. Тіпті мұнда тілі енді шыққан бүлдіршіндердің телеарналар арқылы Мемлекеттік Әнұранды жаттап, жүрек тұсына қолдарын қойып, дауыстап әндетіп жатқаны көңілге жылу сыйлайды. Демек, осы тәжірибені өңірлік деңгейде де одан әрі дамыту аса маңызды. Тек бұл бағытта бүлдіршіндердің қызығушылығын баса назарға алу қажет. Бүгінде 6 жасқа дейінгі балалардың шетелдік «Синий трактор», «Baby Shark» сынды мултимедиалық туындылардан бас алмайтындығын аңғарудамыз. Осы сипаттағы туындыларды ана тілімізге тәржімалап, арнайы сайттық қосымша әзірлеуге болады. Мұнда жас ерекшелігіне қарай синтезделген ақпараттық материалдарды топтастырып, бүлдіршіндерді өзге бағыттағы зиянды ақпараттардан сақтауға жол ашады. Сол арқылы қоғамдағы өзекті мәселеге айналған кибербуллинг пен лудомания сынды зиянды әрекеттер көрсеткішін біршама деңгейге төмендетуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек ұрпақ тәрбиесіндегі ең маңызды тұлға ата-ана екені анық. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана өз балаларының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында смартфон арқылы «Ата-ана бақылауы» функциясын іске қосуға болатынын да білмейді. Сол себепті өз перзенттерінің қайда, кіммен сөйлесіп, қандай ақпараттық өнімді тұтынып жатқанын аңғармайды. Бұл ата-ана тарапынан цифрлық сауаттылықтың төмендігін аңғартады. Осы кемшілікпен күресіп, азаматтардың ақпараттық-функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында тиісті мамандармен бірге қысқа форматты арнайы телевизиялық бағдарламалар мен жобалар, әлеуметтік желі арқылы танымдық айдарлар жүргізу ісін қолға алуға мол мүмкіндіктер бар, – 
деді Д.Асқарұлы. 

Ал қазіргі жастардың көп дүниеге сауатты түрде бағамдап қарайтынын, заман ағымына ілесіп, өздерінің болашағын түрлі дүниемен байланыстырғысы келетінін айтқан «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева мен «Тараз 24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова балалар мен жастарға жақсы ой салып, ізгілікке, ізденуге шақыратын бағдарламаларға көбірек көңіл бөлу керектігін жеткізді. 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар