Мемлекет басшысы «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде cөз сөйледі
Бұл туралы Ақорда мәлімдеме жасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысты. Жиынға орнықты дамудың жаһандық сын-қатерлерін талқылау үшін әлем көшбасшылары мен сарапшылар келді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекет басшысы саммитте бірінші болып сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Геосаяси шиеленіс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты бұл жағдай одан сайын ушыға түсті.
Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді үш басты бағытқа, атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салаларына негізделген стратегия арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді.