бейсенбі, 29 мамыр, 2025 1:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мемлекет басшысы анасы туралы әсерлі жазба қалдырды

Мемлекет басшысы анасы туралы әсерлі жазба қалдырды
Фото: instagram.com/tokayev_online
11 мамыр – Қазақстанда Аналар күні. Осы күнге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев анасы Тұрар Шабарбаева туралы естеліктерімен бөлісіп, оның өміріндегі ерекше рөлін айтты.

Президенттің айтуынша, олардың отбасы қарапайым өмір сүрген. Анасы ұзақ жылдар бойы үй шаруасымен айналысып, төрт баланы тәрбиелеген. Өте қарапайым, артық ештеңе талап етпейтін жан болған.

«Шешей ол кезде жас әйел бола тұра, көп нәрседен, оның ішінде әшекей заттар мен қымбат киімдерден тартынатын. Әрине, сәнді киініп, әсем әшекейлер таққысы келгені табиғи ғой, алайда бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті. Тіпті, қымбат дүниелер алатындай мүмкіндік туған кезде де, өзіне ұнаған заттарды немерелеріне әперумен шектелетін», – деп жазды Тоқаев.

Президент сондай-ақ КСРО ыдырағаннан кейін өзіне маңызды таңдау жасау керек болғанын еске алды.

«Өз өмірімінің Кеңес Одағы тарауымен тұспа-тұс келген сындарлы сәтінде анамның батыл қолдағаны ешқашан ұмытылмайды. Сол бір қауырт күнде­рі Мәскеуде қалып, Ресей мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеу немесе елге қайтып оралуды анықтау қажет еді. Сонда анамның «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді» деп айтқаны есімде. Бұл сөз бұйрықтай болып естілді», – деп жазды ол.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы балалық шағынан бастап анасының ақыл-кеңесін тыңдап өскенін айтты.

«Анам үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап өстім ғой. Әңгімені жақсы айтатын және менің де ықыластана тыңдайтынымды сезген болар, сөйтіп өмірлік дүниетануыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар