Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өтті
Үкіметтік комиссия мен Бас прокуратураға басқа құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндеті жүктелді.
Президент Маңғыстау облысында болған ұшақ апатынан Қазақстан азаматтары да қаза тапқанына тоқталып, марқұмдардың отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев жедел көмек көрсету құрылымдары апат кезінде шұғыл әрі үйлесімді әрекет еткеніне назар аударды.
Президент Үкіметке апат салдарын жоюға атсалысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өту, ерекше көзге түскен азаматтарды мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде тапсырма берді.