Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады. Министр Президентке ведомствоның жұмысы және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жоспарлары туралы баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Ақмарал Әлназарова министрліктің жұмысына қатысты Президент тапсырмаларының орындалуы жөнінде есеп берді.

Оның айтуынша, медициналық қызметтің сапасын және қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылып отыр. Алғашқы және стационарлық медициналық көмекті ұйымдастырудың тәсілдері қайта қаралуда. Сондай-ақ диагностикалық және емдеу стандарттары жаңартылып, саланың кадрлық әлеуеті нығайып келеді.

Сондай-ақ министр Президентке қазіргі уақытта болжамды өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 75 жастан асатыны жөнінде айтып, жыл басынан бері инфекциялық аурулардың 21 түрі бойынша, соның ішінде коронавируспен сырқаттану көрсеткіштері төмендегенін, вакцинациялау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өткен.

Сонымен қатар Президентке жаңа медициналық нысандар салу және сала қызметтерінің сапасын одан әрі арттыру мәселелері қамтылған Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы ақпарат берілді. Қабылданған осы тұжырымдама аясында денсаулық сақтау ұйымдарының оңтайлы және тиімді желісін құруға бағытталған 34 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтіп,  медициналық көмек көрсетудің мейілінше нәтижелі болуына назар аудара отырып, денсаулық сақтау жүйесін сапалы түрде қайта құру керектігіне тоқталған.

Сондай-ақ Президент салаға, оның ішінде дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер жүктеді.