Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 13:17
- 46
Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Президентке экономика мен қаржы жүйесінің жай-күйі және биылғы қаңтар-қараша айларында жүргізілген ақша-несие саясатының негізгі бағыттары жөнінде есеп беріліп, 2026 жылға арналған жоспар таныстырылды.
Тимур Сүлейменов іскерлік белсенділік, инфляцияға ықпал ететін факторлар және бағаны тұрақтандыру үшін қабылданған шаралар туралы айтты.
Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті.
Қаржы, валюта және мемлекеттік бағалы қағаздар нарықтарындағы жағдай, Ұлттық қор мен Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры активтерінің, алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы мәлімет берді.
11 айдағы инвестициялық табыс шамамен 8,2 миллиард долларды немесе 13,7 пайызды құрады.
Есепті кезеңде алтын-валюта резервтері 16,3 миллиард долларға немесе 36 пайызға ұлғайып, 62,1 миллиард долларға жетті.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі биыл қаңтар-қараша айларында 2,6 триллион теңгеге немесе 11,7 пайызға артып, 25 триллион теңге болды.
Жаппай цифрландыру барысы және Ұлттық банктің цифрлық жобалары жөнінде баяндады. Соның ішінде Антифрод орталықтың жұмысына, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымдарын технологиялық тұрғыдан жүзеге асыруға мән берілді.
Ұлттық банк баға тұрақтылығын сақтап, инфляцияны орташа 5 пайыздық межеде ұстап тұру үшін барлық қажетті шараны қабылдауда.
Президент инфляцияны төмендетуге, қаржы нарығы мен цифрлық трансформация секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге баса назар аударып, Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар тапсырма берді.
Ұқсас жаңалықтар
Тәрбиедегі қателіктер: неге кей ата-аналар қаталдықты дұрыс көреді?
- авторБақытжан Бекболат
- 8 желтоқсан, 2025






