Мемлекет басшысы Ұлттық басылым күніне орай баспасөз қызметкерлерін құттықтады

Ол бұл мерекенің еліміздің өркендеуі мен мемлекеттіліктің нығаюына еңбек сіңіріп жүрген журналистерге деген құрмет екенін айтты
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекет басшысы қазақ басылымдары әрдайым халықтың үні болып, ұлттық руханияттың берік қорғаны саналғанын, оның бай тарихы мен ағартушылық дәстүрін мақтан тұтатынын жеткізді. Газет-журналдар ұлттық сана-сезімді дамыту ісінде маңызды рөл атқаратынын, зиялы қауымның қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікірін негізінен мерзімді баспасөз арқылы білдіретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев басылымдар алдағы уақытта да жасампаз бастамаларды жүзеге асырып, ел бірлігін нығайтуға зор үлес қосатынына сенім білдірді. Ол барша баспасөз қызметкерлеріне шығармашылық шабыт пен табыс тіледі.