Жаңалықтар

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін айтты. Президенттің пайымдауынша, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні бар.

Мемлекет басшысының пікірінше, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастықты осыдан сабақ алып, Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық  саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Президенттің сөйлеген сөзінде мынадай маңызды қағидаттар айтылды: –  әділ бәсекелестік; –  қабылданатын шешімдердің ашықтығы; –  мемлекеттік саясаттың болжамдылығы; –  бизнестің салықтық тазалығы; –  кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге, капитал, тәжірибе, басқарушылар тобы мен нарықты дәл пайымдау сияқты ресурстарды экономиканы қайта құруға жұмсауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Жаңа экономикалық бағытының негізін қалайтын басты қағидаттарға жан-жақты тоқталды. Оның пікірінше, бірінші – жеке меншікке қол сұқпау. Бұл мәселеде ашық әрі әділ сот кепіл болуы тиіс.

  Жаңа экономикалық бағыттың екінші бөлігі – инвестициялық климат. Президент мемлекеттің барлық инвестициялық міндеттемелерді мінсіз орындайтынын тағы да мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды.

Президент атаған үшінші қағидат – шынайы бәсеке.

Одан бөлек ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру қажеттігі туралы айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді салық саясаты туралы айта келіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд доллар (14,6 трлн теңге) болғанын және бұл ІЖӨ-нің 20 пайызы екенін атап өтті.

Осы жағдай аса маңызды шешімдер қабылдауды талап етіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев атаған тағы бір маңызды мәселе – сатып алуларды реформалау.

Мемлекет басшысы жүктеген алтыншы міндет – мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету.

Президент «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың перспективасына баса мән берді.

Жаңа экономикалық саясаттың жетінші элементі – әкімшілік кедергілерді азайту.

Бас прокуратураға осындай заң бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, кінәлі адамдардың іс-әрекеттеріне принципті түрде баға беру тапсырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы диалог билік пен бизнес арасындағы консенсусты қамтамасыз етуге тиіс екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы Үкімет жанынан Отандық кәсіпкерлер кеңесін құруды тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық реформалардың әрбір бағыты бойынша бизнес өкілдерінің қатысуымен жобалық топтар құру қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорын құру туралы бастамасын қолдап, қаржы аударған бизнес өкілдеріне алғыс айтты.

Кездесу барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Eurasian Resources Group компаниясы иелерінің бірі Александр Машкевич, «Фридом Финанс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, «Алтын Қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы Исламбек Салжанов және басқалар сөз сөйледі.