Жаңалықтар

Мемлекет басшысы сумошы Ерсін Балтағұлды қабылдады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сумо спортының отаны Жапонияда зор жетістікке жеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлмен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Президент спортшының былтыр Император кубогында «маэгашира» атағын, яғни сумо балуандарының ең жоғары дәрежесін иеленіп, жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» (жауынгерлік рух) арнайы жүлдесін алуымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жүлде табандылық пен қажырлы еңбектің жемісі екеніне тоқталды. Сондай-ақ бүгінде шет мемлекеттерде елімізді әлемге танытып жүрген жастарымыздың көбейіп келе жатқанын, мемлекеттің таланттар мен спортты қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Ерсін Балтағұл Президентке ілтипат көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, еліміздің жас спортшыларымен кездесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев балуанға алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатуға және Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.

Президент спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін сумошы Ерсін Балтағұлды ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.