Жаңалықтар

Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде, транзиттік тасымалдарға ерекше көңіл бөлінуде

Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде, транзиттік тасымалдарға ерекше көңіл бөлінуде

Соңғы жылдары біздің республика арқылы Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүк көлемі айтарлықтай өсті, ал Қазақстанның транзиттік тасымалындағы ҚХР үлесі 27%-ға өсіп, 6,2 млн тоннаны құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Теміржол көлігі – экономиканы дамытудың маңызды аспектілердің бірі. Еліміздің географиялық орналасуы транзиттік әлеуетті дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жыл басынан бері экспорттық тасымалдау 70 млн 700 мың тоннаны құрап, 8,5%-ға өсті. Транзиттік тасымалдар да белсенді қарқынмен дамуда. 10 айдың қорытындысы бойынша транзиттік жүк тасымалдау көлемі 19%-ға өсіп, 22 млн 500 мың тоннаны құрады. Бұл ретте контейнерлік тасымалдар 15%-ға ұлғайды. Осы жылдың 10 айында темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 200 млн 46 мың тоннаны құрап, 3%-ға өсті. Жыл соңына дейін шамамен 300 млн тонна жүк тасымалданатын болады. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда теміржол көлігі экономиканың экспорттық бағыттағы қажеттіліктерін толық көлемде қамтамасыз етеді. Жолаушыларды тасымалдау көлемі 2,5%-ға артып, 16 млн 600 мың жолаушыны құрады.

Дегенмен, соңғы жылдары Қытайдан Еуропа және көршілес елдерге Қазақстан арқылы жөнелтілетін транзиттік жүк көлемі едәуір артып, Қытай Халық Республикасының қазақстандық транзиттік тасымалдаудағы үлесі 27%-ға дейін ұлғайды. Ол тиісінше, 6 млн 200 мың тоннаға тең. 2029 жылға дейін саланың одан әрі дамуын ескере отырып, келесі бағыттар бойынша жұмыстар жоспарланып отыр:

  • шекаралық пункттерді дамыту;
  • магистралды темір жол желілерін дамыту, оның ішінде жаңа және екінші жолдарды салу, тораптық стансаларды жаңғырту, теміржолдарды күрделі жөндеу және автоблоктауды енгізу;
  • жылжымалы құраммен, яғни локомотив және жүк вагондарымен қамтамасыз ету;
  • тарифтік саясатты жетілдіру;
  • жолаушылар тасымалы вагондарын жаңарту.

Аталған бағыттарды іске асыру, 2029 жылға қарай транзиттік тасымалдарды 35 млн тоннаға дейін, оның ішінде контейнерлік транзитті 2 млн жиырма футтық эквивалентке дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Ел аумағындағы шекаралық бекеттердің қуаттылығына тоқталатын болсақ, бүгінде көрші бес елмен 27 теміржол шекара пункттері арқылы байланыс орнатылған. Оның басым бөлігі өзінің өткізу қабілетін толық қолдануда. Жыл қорытындысы бойынша Қытай және Орталық Азия бағыттарындағы Достық, Алтынкөл және Сарыағаш стансаларының техникалық қуаттылығы толық жүктелетін болады. Ресей және Қырғызстан бағытындағы шекаралық бекеттердің жүктелуі де олардың жобалық қуаттылығына жақындап келе жатыр.

Сонымен қатар Марат Қарабаев қытай тарапымен тиісті келіссөздер жүргізіліп, Қорғас шекаралық пунктіне келетін Цзинхе – Қорғас учаскесіне екінші жолдарды салу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Аталған жұмыстардың аяқталуын есепке ала келе, жалпы екі шекаралық станциялардың өткізу қабілеті тағы да 14 млн тоннаға артып, жылына 56 млн тоннаны құрайтын болады. Сондай-ақ Бақты – Тачэн үшінші өткізу пунктін ашу жоспарда бар. Бұл жоба, шекарадағы теміржол инфрақұрылымының қуаттылығын тағы да 20 млн тоннаға арттырып, жалпы, Қытай бағытындағы теміржолдың өткізу қабілетін жылына 76 млн тоннаға дейін жеткізетін болады. Орталық Азия бағыты бойынша жылына 10 млн тоннаға дейін жүк өткізу қуаттылығын қамтамасыз ететін Дарбаза – Мақтаарал темір жол желісі салынатын болады. Шекара пунктерінен басқа, магистралды желілерді модернизациялау бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда, магистралды жолдардың жалпы ұзындығы 16 мың шақырымды құрайды, оның тек 5 мың шақырымы екі жолды, 4 мың 200 шақырымы электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Желінің тозуы деңгейі – 57%. Үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және магистралды темір жол желілерінің қуатын арттыру үшін, биыл ұзындығы 567 шақырым учаскелерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 1 мың 300 шақырым болатын 4 теміржол жобасының құрылысы бойынша жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жер төсемін орнату жұмыстары 70%-ға орындалды. 316 шақырым рельс-шпал торы құрастырылып, 151 шақырымында төсеу жүргізілді. Жобаны іске асыру учаскенің қуаттылығын 5 есе арттырады Өткен аптада Алматы стансасы айналма жолының құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін Дарбаза – Мақтаарал жобасының құрылысы басталатын болады. Бақты – Аягөз жобасын инвестор қаражаты есебінен іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінде тиісті шешімнің баршасы қабылданып, жоба құрылысын бастау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Отырыста маңызды мәселелердің бірі – локомотивтердің техникалық жағдайы талқыланды. Қазіргі уақытта, локомотив паркінің жалпы саны – 1 мың 880 бірлікті құрады. Тозу деңгейі – 52%. Қажетті локомотивтер санын қамтамасыз ету және парктің тозу деңгейін төмендету мақсатында осы жылы 133 бірлік локомотив сатып алынды. Локомотивтердің негізгі өндірушілері отандық локомотив және электровоз құрастыру зауыттары. Тарту ресурстарының тапшылығын ескере отырып, қосымша 200 бірлік локомотивтер сатып алу мәселесі пысықталуда. Осылайша, 2025 жылға дейін 568 локомотив сатып алу жоспарлануда, бұл жылжымалы құрам паркіндегі тапшылықты толық жоятын болады. Жүк вагондары бойынша. Қазір олардың жалпы саны 135 мың бірлік. Нарықта 300-ден аса оператор жұмыс істейді. Оның ішінде Қазақстан темір жолына 38 мың вагон тиесілі, олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни еліміздің энергетикалық секторына және халыққа жеткізілетін көмірді тасымалдауға жұмылдырылған. Бұл ретте, 2025 жылға дейін ұлттық оператор қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 275 бірлігі биыл пайдалануға беріледі.

Осыған байланысты, министр теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды уақтылы іске асыру үшін ел экономикасының мүддесін ескере отырып, тарифтік саясат әрі қарай жетілдірілетін болады деп есептейді. Бұл ретте, ең алдымен шикізаттық тауарларды экспорттауға арналған тарифтік саясатты жетілдіруді жөн деп санаймыз. Бұл өз кезегінде, кәсіпорындарды шикізатты ел аумағында терең өңдеуге ынталандыратын болады. Жолаушыларды тасымалдау бойынша қазіргі уақытта 66 облысаралық маршрут жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттарда 13 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Облыстардың бөлінуіне байланысты, биыл қала маңындағы бағдардан 2 жаңа облысаралық бағыт құрылды. Жалпы, жолаушыларды тасымалдау республикалық бюджеттен субсидияланады. Бұл шаралар халықтың барлық топтары үшін жол жүру құжаттарының қолжетімді бағасын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда, пойыз билеті бағасының орташа құны 8 мың теңгені құрайды. Жолаушылар вагондарының паркі – 2 мың 567 бірлік. Тасымалдауға сұраныстың жоғары кездерінде шамамен 300 бірлік вагон тапшылығы байқалады. Осыған байланысты және халықты тасымалдауға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында, жаңа заманауи жолаушылар вагондарын сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл 162 бірлік жаңа вагондар сатып алынды. Оның ішінде 76 вагон пайдалануға берілді, 24 вагон жыл соңына дейін берілетін болады. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында қалған 62 вагон жеткізіледі. Негізгі өндіруші – Петропавл қаласында орналасқан отандық вагон шығару зауыты. Жалпы, 2029 жылға дейін отандық зауыттардан 844 бірлік жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр. Оның ішінде «ЗИКСТО» зауытымен 307 бірлік және «Штадлер Қазақстан» компаниясымен 537 бірлік жолаушылар вагонын сатып алуға келісімшарттар жасалынуда. ЗИКСТО зауытының вагондары 2025 жылға дейін жеткізіледі. Штадлер компаниясының вагондарын пайдалануға беру 2025-2029 жылдар кезеңінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, аталған отандық компаниялар локализациялау деңгейін жылдан жылға арттырып, оны ең кемінде 35%-ға дейін жеткізетін болады.