Менің әкем Аманқұл отбасының тірегі -теміржол тарланы
Менің әкем Аманқұл отбасының тірегі -теміржол тарланы
Дөңгеленген жер шарында жұмыр басты пенденің бір-бірінен абыройын асырып, маңдайын жарқырататын — еңбек. Еңбек адамы қай қоғамда да сыйлы. Осындай сыйлы жандардың бірі менің әкем-Аманқұл Алметұлы. Ол — еңбектің наны тәтті боларын бүгінде ұлдарына да ұқтырған өнегелі әке. Отбасындағы алтын асықтай бес баланы дүниеге әкелген ата ана туралы қанша айтсақ та аздық етеді. Шіркін, жалынды жастық шаққа деген сағыныш табы жанарынан жылтылдайтын әкем бүгінде теміржолда қызмет істеген кездері туралы әңгімесін «Ол бір гүрілдеп тұрған шақ еді ғой…» деп бастайды. Иә, шындығында да, кеңестік мемлекеттің жалпы халықты ұрандатып еңбекке шақырып, нәтиже еселегендерді елеп-ескерген тұс-ты ол кез. Сондықтан әкем бозбала шағынан қызу еңбектің бел ортасында қызмет атқарады. Теміржол саласында аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. «Кешегі кеңестер одағы кезінде теміржолдағы ең жауапты сала қозғалыс саласы болды. Қиындығы мен жауапкершілігі өз алдына, тікелей қозғалысты бақылауда ұстайтын бұл саланың қызығы да жетерлік, – дейтін әкем. – Біздің аймақтағы учаске басшыларының ішіндегі ең тәжірибелі әрі білікті теміржолшы атанған әкей зейнет демалысына шыққан соң да қоғамдық өмірден қол үзген емес. Әрине, қырық тоғыз жылғы бейнеттің енді зейнетін көру ләзім. Мұндай майталман теміржолшылардың тәжірибесі кейінгі жастарға қажет-ақ. Сондықтан зейнетке шықса да болашақ теміржолшылардың салалық жұмысқа төселуіне тәжірибесімен бөлісу үшін мұндай азаматтардың жолын өнеге етіп, темір жол саласы бойынша білім беретін арнаулы, орта оқу орындары мен осы салада еңбек ететін жас буынмен жиі кездесулер ұйымдастырып білгенін тыңдап, тәжірбие алған дұрыс деп есептеймін. Әкем бастапқыда айтып өткенімдей – көптің құрметіне бөленіп, теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы. Ол Алла қаласа қыркүйектің бірі күні 72 жасқа келеді. Еңбек адамды жасартады демекші, 15 жасынан теміржолда еңбек етіп, жастайынан осы салаға беріле кіріскен екен. Сол кезден бастап оның теміржол саласындағы табысты еңбек жолы жалғасын тапты. Бұл жерде еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түскен. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді. Уақыт өте келе еселі еңбегінің нәтижесінде басшылыққа дейін жеткен. Осы салада қырық тоғыз жыл бойы яғни жарты ғасырға жуық еңбек етіп, зейнетке шыққан. – Біз жұмысты бастағанда талап қатты болатын. Киімге дейін өздері дайындап беріп, тек тәртіпті ғана сұрайтын. 8-10 сағат қызмет жасаймыз. Міндетті түрде жұмысқа жарты сағат ерте барамыз. Денсаулығымызды күн сайын тексеріп, сол күнгі жұмыстың жай-күйін айтып, тапсырма беретін. Ал, себепсіз жұмыстан қалып немесе кешігіп келсеңіз онда ортаға салып, қатты сынайтын. Мұндай сынның астында қалуды ұят санайтынбыз. Сондықтан да әрдайым жұмыстан кешікпеуге, қалмауға, кез келген жұмысты жауапкершілікпен атқаруға тырысатынбыз, – деп айтып, бізге жауапкершілікті болуға, еткен еңбектің еленуі жолында қалтқысыз қызмет етуді ескертіп отыратын. Білікті маманның көп жылғы еселі еңбегі елеусіз қалмақ емес. Қырық тоғыз жыл теміржол саласының дамуына қосқан ерен еңбегі үшін «Теміржол саласының үздігі» марапаты табысталған. Сонымен қатар облыс, аудан әкімінің құрмет, алғыс хаттарымен марапатталған. Елге сыйлы, халқына қадірлі әкеміз әрқашан да құрмет төрінен аласарған емес. Бүгінде береке дарыған әулеттен тараған бес бала бір-бір үй болып, өз салаларында табысты еңбек етуде. Оның ішінде үш баланың әке жолын қуып, теміржол саласында жұмыс істегені үшеу. Үлкен ағам Талғат бірнеше жылдар бойы теміржолда еңбек етіп, бүгінде халыққа қызмет етіп, мемлекеттік қызметке ауысқан. Әке берген тәлім тәрбие арқасында елге сыйлы, ұжымдастарына қадірлі азамат біліктілігімен еленіп жүр. Екінші ұлы Мақсат осы салада тер төгіп келеді. Екі қызға келсек: Салтанат әке жолын қууға шешім шығарып, теміржол саласында біраз жылдар еңбек етіп, белгілі себептермен ол саладан бас тартқан. Лаззат болса бүгінде ұлағатты ұстаз. Ардагер теміржолшы әкеммен ардақты анам Райжанның бүгінде жиырмаға тарта немере, бестен аса шөберелері бар. Адам бойындағы қасиеттер ана мен әкенің сүті мен қанынан дарыса керек. Өйткені олардың тәлімі мен тәрбиесі есті жанның жадында мәңгі қалып, өзіңді қашанда өрге жетелейді. Тәрбие басы отбасында,әке мен ананың әлдиі мен көрсеткен өнегесі мен үлгісінде екені пешенеден белгілі. Бала күнімнен менің болашағымнан да зор үміт күткен әкем спортшы болады деп ойлапты. Өзі де еркін күреспен шұғылданып, өзі жетпеген жетістіктерге балам жетсін дегеннен болар. Бертін келе мен де спортқа әуестеніп, әке арманына қол жеткізгендей болдым. Сонау бала кезден спорттың кикбоксинг, қоян-қолтық күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатында, Халықаралық турнирлерде, Әлем чемпионаттарында өнер көрсетіп бірнеше дүркін жеңімпаз атандым. Әлемдік додаларда облыстың ғана емес, ел абыройын асқақтатып, қоян-қолтық күрестен спорт шебері, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері аттарын иелендім. 2019 жылы Жамбыл облысына 80 жыл толуына орай «Тараз-Арена» спорт кешені аумағында ашылған «Даңқты спортшылар алаңы» Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан 145 даңқты спортшы мен еңбегі сіңген 96 жаттықтырушының есімі жазылды. Сол тақтада көрсетілгендей ең үлкен жетістіктерімнің бірі – 2003 жылы Афиныда өткен әлем чемпионатында кикбоксингтен қола жүлдегер атануым еді. Бұдан кейін спорттық жолын ішкі істер органдарындағы қызметке ауыстырып, халық тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында еңбек етіп келемін. Әкемнің асыл арманын немерелері де жалғастырып спорт саласында жетістіктерді бағындырып келеді. Талғаттың баласы еркін күрес, Мақсаттың ұлы бокс, менің балам Ернұр еркін күрес, Кикбоксинг пен боксты қатар алып келеді. Болар баланың бетін қақпа дегендей, балам тоғыз жасында еркін күрестен, 13 інде отау иесі демекші 14 жастағы ұлыма былтыр Кикбоксинг пен бокстан ҚР спорт шеберлігіне кандидат спорттық разряды берілді. Балаларының спортшы болғанын қалағандағы әкемнің түпкі ойы, ұрпағының батыр болғанын тілесе керек. Әкем- ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі болды. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы бола білген кісі. Адам өмірді түсіну үшін бейнет көріп өсу керек дегеніне түсінбей қараушы едім. Иә, өзінің қарапайым сөздері мен үлкен ойды айтып отырады екен. Райжан анашымның жүзінен нұр төгіліп, жүрегінен жылу бөлініп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген, алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейік дегім келеді. Ақылы мен пайымы терең анамыз бізді үнемі әкемізді сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отыратын. Ата-ана қадірін балалы болғанда білерсің деген рас екен. Бүгінде жолдасым Ләззат екеумізден тараған үш қыз, екі ұлдың болашақтарына ойлы көзбен қарап. Қабілеттеріне саналы түрде ой жүгіртеді екенсің. Өйткені мен ес білгелі көріп келе жатқан, бұл әулетте күнде думан, күнде қонақтың табы үзілмейтін. Бауырлар бас қосқан шаңырақтың берекесі артып, ырысы еселенгендей болатын. Бәлкім, дана халқымыз «Ағасы ақылдының ауылы азбайды, жеңгесі шебердің жеңі тозбайды» деп бекер айтпаған болар. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген қазақтың нақыл сөзі отбасындағы тәрбиенің адам баласы үшін қаншалықты маңызды екенін айқындап тұр. Шынында да, дана халқымыз айтқандай: «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» – демекші, балаға жастайынан адами қасиеттерге толы үлгі-өнеге көрсетіп, рухани құндылықтарды дәріптеп, кемелді тұлға өсірсек, жас ұрпақтың жарқын болашаққа қол жеткізетініне сеніміміз арта түседі. Асхат Алметов, Меркі ауданы, Тәтті ауылының тумасы. Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы