Меркі ауданында жанармай құю бекетінде болған шабуылға байланысты қылмыстық іс қозғалды

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.
Жамбыл облысы, Меркі ауданында жанармай құю бекетінде орын алған шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оқиға кезінде күдікті суық қару қолданған. Жәбірленуші – шетел азаматы. Полицейлер оған жедел көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген. Дәрігерлердің көмегінен кейін ол ауруханада қалудан бас тартқан, қазіргі жағдайы бірқалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Күдікті қылмыс орнынан қашпақ болған сәтінде қолға түсті. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу ісі министрдің тікелей бақылауына алынды.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде мотоцикл жүргізушісіне шабуыл жасалған сәттің видеосы тараған болатын. Оқиғаның Жамбыл облысында болғаны көрсетілген.