Металлургия саласының үздіктері президент марапатына ие болды
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов "Металлург күні" кәсіби мерекесіне орай тау-кен металлургия саласының қызметкерлеріне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Олжас Бектенов металлургия саласын дамыту ұкіметтің басымдықтарының бірі болып қала беретінін айтты.
Биыл мемлекет басшысы алғаш рет екі жаңа мемлекеттік награда – "Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі" және "Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері" құрметті атақтарын тағайындады.
Осы жылы барлығы тау-кен металлургия өнеркәсібінің 600-ге жуық жұмысшысының еңбегі атап өтілді. Олар – бүкіл ел бойынша өндіріс озаттары мен еңбек ардагерлері.
Мемлекеттік наградаларды металлургтерге өнеркәсіп және құрылыс министрі, Астана және Алматы қалаларындағы, Ұлытау және Абай облыстарындағы, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы өңір әкімдері табыс етті.
Сала өкілдері мемлекет басшысына еңбектерін жоғары бағалағаны үшін алғыс білдірді. Kazakhmys Smelting ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Болат Айдаболов бұл марапат ел экономикасының негізі болып саналатын барлық саланың үлесін бағалау екенін атап өтті.
"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС флотаторы Гүлбану Жұмаділдина марапат – ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі екенін айтып, президентке металлургтердің еңбегіне көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді.