Министр Ресейден кеткен шетелдік компанияларды Қазақстанға тарту туралы мәлімет берді
Министр Ресейден кеткен шетелдік компанияларды Қазақстанға тарту туралы мәлімет берді
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында Ресейден кетіп жатқан шетелдік компанияларды Қазақстанға тарту туралы мәлімет берді, деп хабарлайды, Жамбыл инфо, ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. «Бүгінгі таңда бізде, Ресей Федерациясымен арадағы өнеркәсіптік кооперация шеңберінде жалпы құны 22,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 24,9 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 62 жоба бар. 444 млн АҚШ долларына 3,6 мың жұмыс орны бар 14 жоба іске асырылды. 11,5 млрд АҚШ долларына 4,9 мың жұмыс орнын құратын 11 жоба іске асырылып жатыр. 1,4 млрд АҚШ долларына 3,7 мың жұмыс орнын құратын 14 жоба пысықталуда», - деді ведомство басшысы. Сондай-ақ, ол Президентің Ресей нарығынан кетіп жатқан компанияларға Қазақстанда қолайлы жағдай жасау туралы тапсырмасына тоқталды. «Ішінара релокацияны ескере отырып, 8,9 млрд АҚШ долларына 12,6 мың жұмыс орнын құратын 23 жоба пысықталуда. Барлық жобалар орта және жоғарғы қайта бөліністегі тауарларды шығаруға бағытталған», - деді Қайырбек Өскенбаев. Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ресей нарығынан кетіп жатқан шетелдік компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеуіне жағдай жасауды тапсырды.