Жаңалықтар

«Министрліктің төлем жасауға құқығы жоқ»: Дәурен Абаев сотта жеңген спортшыға қатысты пікір білдірді

«Министрліктің төлем жасауға құқығы жоқ»: Дәурен Абаев сотта жеңген спортшыға қатысты пікір білдірді

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль алған спортшы Еркебұлан Қанафиннің сотта жеңгеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Жамбылинфо Halyq Uni сайтына сілтеме жасап. Бұған дейін 30 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі мен 2022 жылғы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы Еркебұлан Қанафин арасындағы іс бойынша шешім шығарылғаны хабарланды.

Дәурен Абаев жарыстардағы жеңісі үшін спортшыларға сыйақы беру заңнамамен реттелетін стандартты рәсім екенін жазды. «Еркебұлан Қанафинге төлем жасау ережелерге қайшы келеді. Неге? Еркебұлан Қанафин дзюдодан ұлттық сурдлимпиада құрамасының мүшесі болған жоқ. Ол допингке қарсы ұлттық орталықта оқу-жаттығу жиындары, тереңдетілген медициналық тексеру немесе допинг бақылауы бойынша тексеруден өтпеді», - деп жазды Дәурен Абаев. Министрдің айтуынша, Ұлттық сурдлимпиада комитеті барлық ережені ескермей, спортшыны уәкілетті органның келісімінсіз өз бетінше ойындарға қатыстырды.

Дәурен Абаев сот шешіміне түсініктеме бере алмайтынын, алайда Мәдениет және спорт министрлігі апелляцияға беретінін мәлімдеді. Астана сотының хабарлауынша, шешім заңды күшіне енген жоқ. Министрлік екі ай ішінде сот шешіміне қарсы шағым жаза алады.