Жаңалықтар

"Митталға – көмір, халыққа өмір қымбат"- Депутат

"Митталға – көмір, халыққа өмір қымбат"- Депутат

Қазіргі кезде Теміртауды Теміртау емес, шын мәніндегі Түтінтау десек болады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжілісменнің сөзінше, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында 28 жылдың ішінде еңбек заңы белден басылды, жұмысшылардың құқығы қорғалмады, еңбек қауіпсіздігі сақталмауының кесірінен шахталардағы жарылыстан жүздеген адам мерт болды, модернизация жүргізілмей, өндірістегі жабдықтар әбден тозды, экологиялық қондырғылар жаңартылмады, соның кесірінен бүгінде атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтар белгіленген нормадан бірнеше есе асып түсіп отыр.

Сондай-ақ, депутат «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорынынан қоршаған ортаға жыл сайын таралатын зиянды қалдықтардың мөлшерден бірнеше есе артық болуы, шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды төгу кезінде экологиялық талаптардың сақталмауы қала тұрғындарының денсаулығына зиян тигізуімен қатар, қала маңындағы өзен-суларды да ластап жатқанын атап өтті. “Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғаруынша, адам денсаулығына ең қатерлі жағдайлардың бірі – қоршаған ортадағы ауаның ластануы. Оның салдары түрлі дерттің көбеюіне әкелетіні белгілі. Лакшми Митталға көмір мен темір қымбат, ал халыққа өмір қымбат!”, – деді мәжілісмен. Депутат Үкіметтен төмендегі талаптардың орындалуын талап етті: 1. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на тәуелсіз экологиялық эксперттік аудит жүргізілсін; 2. Модернизация жүргізу, заман талабына сай экологиялық қондырғылар, автоматты мониторинг аспаптарын орнату талап етілсін; 3. Жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтау қатаң бақылауға алынсын; 4. Табиғатты қорғау шаралары күшейтілсін, әлеуметтік салаға көмектесуге назар аударылсын; 5. Жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесі қолға алынсын. Еске салсақ,  қарашада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Ленин атындағы шахтасында газ жарылуы салдарынан 5 жұмысшы қаза тапты. Бұдан бұрын президент Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, төтенше жағдайға шынайы баға беру үшін халықаралық компанияны тарту керегін айтқан. Сондай-ақ, кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының  сақталуына мән беруді тапсырды. Президенттің тапсырмасынан кейін  сенаторлар еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатайтатын заң жобасын әзірледі. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құқық қорғау органдары "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының негізгі инвесторы Лакшми Митталды кінәсі анықталған жағдайда жауапкершілікке тартуға құқылы екенін мәлім етті.