Жаңалықтар

Н.Нұржігітов: Мемлекеттің көмегі ауылдағы әрбір отбасыға жетуі тиіс

Н.Нұржігітов: Мемлекеттің көмегі ауылдағы әрбір отбасыға жетуі тиіс

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірде жайылымдық жерлердің тапшылығын төмендету, ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру, мал шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды. Жиынға бейнеконференция байланысы режимінде аудан әкімдері де қатысты.

Кеңес барысында Нұржан Молдиярұлы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың тиімділігіне кезең-кезеңмен талдау жүргізу, сондай-ақ әрбір ауылдық округ бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің картасын әзірлеу бойынша міндеттер қойды. Аудан әкімдеріне жайылым тапшылығы мәселесін шешу үшін бес негізгі бағыт бойынша шаралар қабылдау жүктелді. Жиында алдымен облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов ағымдағы жағдай мен биылғы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.

Алайда, аудандардың барлығы дерлік бекітілген жоспарды орындауда селқостық танытқан. Аймақ басшысы аудан әкімдеріне қатаң талап қойып, бұрын берілген тапсырмаларды орындамағаны үшін жер қатынастары басқармасының, аудан әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.

Өңір басшысы жыл соңына дейін бекітілген жоспар ешқандай себепсіз толығымен орындалуы керек екенін еске салып, жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясы тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуы тиіс екендігін қадап айтты. Басқосу барысында сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ветеринария басқармаларына, аудан әкімдіктеріне мал шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша сын-ескертпелер де айтылды. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ІҚМ аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша көрсетілетін қызметтер субсидияланады. Десе де, бұл бағытта жергілікті деңгейде жүйелі жұмыс жолға қойылмаған.

Аймақ басшысы кеңес қорытындысында облыс әкімдігі жер қатынастары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшыларына ескерту жасады. Айта кетейік, дәл осы мәселелер бір жетіден соң қайта қаралмақ.