Нұрайдың өлімі: Шымкентте полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 15:43
- 29
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің сөзінше, олар қыз алып қашу туралы арызды уақытында тіркемегені үшін жауапқа тартылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Қызметіне селқос қарау белгілері бойынша қылмыстық істің қозғалуы ең алдымен қызметтік міндетін орындамаған лауазымды тұлғаларға қатысты. Олар жәбірленуші некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша арызданған кезде қылмыстық істі тіркеу үшін ешқандай шара қолданбаған. Жәбірленушінің арызын қабылдамай, істі номенклатуралық тәртіппен жауып тастаған қызметкерлер жұмыстан босатылды», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Сондай-ақ Шымкент қаласы департаментінің жедел-тергеу тобы аталған іске қатысты тергеу амалдарын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында осы іске қатысты Бас прокуратураға тапсырма берді.



