Жаңалықтар

Нұрлан Қоянбаев Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды

Кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев Түркістан облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Нұрлан Қоянбаев 1979 жылдың 19 шілдесінде Қызылорда облысында дүниеге келген. 1996-2000 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих факультетінде білім алған.

2009-2011 жылдары Экономика және құқық академиясында Қаржы және несие факультетінде оқыды. 2012-2015 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистратураны бітірді. Бұған дейін ол Президент Телерадиокешенінің креативті директоры, "Қазақстан" ұлттық телеарнасының бас продюсері қызметін атқарған. Республикалық телеарналарда басқа да танымал жобаларды ұйымдастыруға атсалысты. 2021 жылы президент жарлығымен "Шапағат" медалімен марапатталды. 

Айта кетейік, Нұрлан Қоянбаев осыдан бір апта бұрын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауында болғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын.