Жаңалықтар

Нұртас Адамбай тағы бір фильмді отандық прокаттан алып тастауды ұсынды

Нұртас Адамбай тағы бір фильмді отандық прокаттан алып тастауды ұсынды

Белгілі актер, кинопродюсер Нұртас Адамбай ел кинотеатрларында көрсетіліп жатқан "Тор" фильмін прокаттан алып тастауды ұсынды. Оның пікірінше, гомосексуалды қарым-қатынасты насихаттайтын фильм жастардың санасын улайды. "Қазіргі уақытта еліміздің кинотеатрларында "Тор: Любовь и гром" фильмі көрсетіліп жатыр екен. Бұл фильм гомосексуалды қарым-қатынас көрінісіндегі қажетсіз құндылықтарды насихаттай отырып, Қазақстан Республикасының балалар құқығы жайлы 2002 жылдың 8 тамызындағы заңын бұзады. Заңның 36.1 бабында: "Балалардың рухани және өнегелі дамуына залал келтіретін үгіт пен насихатқа тыйым салынған деп жазылған. Бұл фильмге қандай негізде лицензия берілді? Бас прокуратура бұл істі шешуі керек деп ойлаймын. Фильмнің прокатын тоқтату қажет. Елімізде заңның күші жойылған жоқ. Президент Тоқаев бұл жылды балаларға арнады. “Олардың есен-саулығы – болашақ табысты Қазақстанның кепілі", - деді президент Жаңа жылдағы жолдауында. Мұндай өрескел насихатты заң жүзінде тоқтату керек деп санаймын. Мемлекет басшысының сөздері бос дыбыс болып қалмайды деп сенемін. Біз заң бар болып қана қоймай, жұмыс істейтін Жаңа Қазақстанға сенеміз", – деп жазды Адамбай желідегі парақшасында. Еске сала кетсек, бұдан бұрын Нұртас Адамбай  "Базз Лайтер" мультфильмінің көрсетіліміне тыйым салу туралы бастама көтерген. Көп ұзамай Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев аталған анимациялық фильмнің прокаттан алынатынын мәлімдеді. Дереккөз: Ұлыс медиа сайтынан