Жаңалықтар

Нарықтағы ойыншықтардың тең жартысы бала денсаулығына қауіпті

Нарықтағы ойыншықтардың тең жартысы бала денсаулығына қауіпті

Бүгінде сатылымда бар ойыншықтардың жартысына жуығы бала денсаулығына зиян болып отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандарының айтуынша, сапасы төмен ойыншықтардың 90%-ы көрші Қытай елінен жеткізілген көрінеді. Осы деректер бойынша 72 әкімішлік іс қозғалып, сапасыз тауар сатқан кәсіпкерлер 16 млн теңге айыппұл төлеген. Сондай-ақ биыл ведомство арнайы зертханаларда 2500 өнімді тексерген. Олардың 48%-ы талапқа сай болмай шыққан. Ойыншықтардың химиялық құрамын тексеруге кем дегенде 5 күн керек. Өнім бір тәулік бойы тазартылған суда жатады. Осы уақытта барлық бояуы шығуы тиіс. Кейін оны арнайы аппаратқа салып, құрамындағы улы заттың мөлшерін анықтайды.

Сонымен бірге мамандардың айтуынша, бала денсаулығына зияны жоқ ойыншықтардың бағасы қымбат болғанымен, қазір оған сұраныс жоғары.

Сарапшылардың айтуынша, құрамына фенол немесе формальдегид қосылған ойыншықтар баланың аллергиясын асқындыруы әбден мүмкін. Ал оны ауызға салса, тіпті асқазан ауруына әкеп соқтыруы ықтимал. Сол себепті, ойыншықты алмас бұрын сатушыдан өнімнің сапасын растайтын құжатты талап еткен абзал.