Астанада Наурыз мерекесіне орай әзірленген ұлттық тағам рекорд орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Астанада рекордты 2 100 литр көлемінде наурыз көже дайындалды. Қазақстан рекорды орнатылғанын куәландыратын сертификат Астана әкімдігіне және Байқоңыр ауданының әкімдігіне берілді.
Ұлттық дәмді дайындауға аспазшылар бір күнін арнаған. Оған жүздеген келі бидай, күріш және ет жұмсалды. Кейін дайын өнім Ататүрік саябағына келген жұртшылыққа ұсынылды.
«Екі тоннадан астам наурыз көже — абсолютті рекорд. Бұрын бұл көрсеткіш түркістандықтарға тиесілі болатын. Екі жыл бұрын олар 2 мың литр наурыз көже пісірген. Бүгін бұл рекорд ресми түрде жаңартылды», — деді Гиннес рекордтарының Қазақстан өңірлік кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Аспазшы Гүлнәр Жұмабекованың айтуынша, наурыз көже көлемі 60-тан 150 литрге дейінгі бас-аяғы 10 қазанда дайындалған. Ал осыдан кейін олар 95 литр болатын 20 бидонға құйылды.
Еске салайық, мереке күндері елорданың саябақтары мен алаңдарында Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр.