Мемлекет тарапынан қабылданған көптеген жобалар мен бағдарламалар бүгінгі таңда өз жалғасын табуда. Соның бірі – «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы. Бұл ең әуелі өңірімізде қолға алынған жобалардың табысты жүзеге асуына жол ашқаны блгілі.
Бағдарламаның басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдап, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру. Бағдарлама қаржылық қолдаудан басқа, инфрақұрылымды дамытуға да бағытталған. Оның аясында жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – ел экономикасын түбегейлі жаңа сапалы деңгейге көтеріп, шетелдік инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік берді.
Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің бас маманы Талғат Шалдарбековтың айтуынша, өткен жылы облысымызға тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 182,6 миллион АҚШ долларын құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 2,9 есе артқан. Ал, 2024-2027 жылдар аралығында аймақта жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде, жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын 11 шетелдік инвестициялық жоба бар.
– Былтыр жалпы құны 75,6 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба іске асырылып, 550 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, 2-і шетелдік инвестициялық жобалар. Соның бірі – Сарысу ауданындағы «Шоқпар ЖЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған жел электр станциясы. Оның жобалық құны – 50 миллиард теңгені құрайды. Екіншісі – «Джон Бан МеталлПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мырыш тотығын өндіру жобасы. Ол жобаның құны – 7,5 миллиард теңге. Аталған екі жоба да қытайлық инвесторлар есебінен іске асырылуда, – дейді Талғат Шалдарбеков.
Биыл жалпы құны 177 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 5 жоба жүзеге асуда. Олардың бірі – Мойынқұм ауданындағы жалпы құны 29,5 миллиард теңгені құрайтын мыс өндіру зауыты. Оның жобасын ресейлік «Шағала Майнинг» серіктестігі жүзеге асыруда. Ал, сингапурлық «Корцем» кәсіпорны Қордай ауданында жалпы құны 50 миллиард теңге тұратын цемент зауытын іске қоспақ ниетте. Талас ауданында Түріктің «Каратау Кемикалс» серіктестігі жоба құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын пиросульфит өндірісін қолға алған. Шу ауданындағы жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын мақсары майын өндіретін зауытты ирандық «Kaz Ir Agro» кәсіпорны, Жамбыл ауданындағы құны 7 миллиард теңгені құрайтын күн электр станциясын ресейлік «МРП АСА«/» Отан Пауэр» серіктестігі салуда. Осы жобалар аясында 1304 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
– Шетелдік инвесторларды тарту мақсатында облысымызда бос кен орындары пулы құрылды. Шетелдік компанияларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Облыстың инвестициялық тартымдылығының презентациялық материалдары, инвестициялық жобалардың тизерлері әзірленді. Тауашалық жобалардың тізімі және аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері республикамыз бен облысымыздың ірі бизнесмендеріне, халықаралық ұйымдарға, еліміздегі трансұлттық корпорацияларға, әлемдік инвестициялық қорларға, республикамыздағы елшіліктерге, Алматы қаласының инвестициялық компанияларына жіберілді. Соның аясында еліміздегі ірі компаниялар облысымыздағы 12 жобаға қаржы құйып, ол жобаны іске асыруда, – дейді Талғат Шалдарбеков.
Атап айтсақ, биыл еліміздегі ірі инвесторлар Байзақ ауданында «КазГазБлок» серіктестігі газ блоктарын өндіру жобасын іске асыру үшін 1,2 миллиард теңге инвестиция құйған. Тараз қаласында «Тараз ОРЦ» кәсіпорны 2,4 миллиард теңге салып, жылдық қуаты 50 мың тоннаны құрайтын көкөніс қоймасының құрылысын жүргізуде. Жамбыл ауданында «Алель Агро» серіктестігі құс фабрикасына 14 миллиард теңге инвестиция салса, Шу ауданында «Элнур Адил Групп» кәсіпорны 1,3 миллиард теңге құйып, жылдық қуаты 7000 тоннаны құрайтын астық сақтау және макарон өнімдерін өндіру жобасын іске асыруда. Жамбыл ауданында «МРП АСА«/» Отан Пауэр» серіктестігі күн электр стансасының құрылысын бастады. Жобалық қуаты 20 мегаватты күн электр стансасының құрылыс жұмысына 7 миллиард теңге инвестиция салынған. Қордай ауданында «Korcem» кәсіпоррны цемент өндірісін жандандыру үшін 50 миллиард теңге инвестиция салса, «Азия сад» серіктестігі жеміс қойма құрылысына 2,6 миллиард теңге инвестиция құйып отыр. Меркі ауданында «Merke Industry» кәсіпорны жиһаз цехын салуға 3 миллиард теңге, Мойынқұм ауданында «Шағала Майнинг» серіктестігі мыс кендерін қайта өңдеуге 29,5 миллиард теңге, Сарысуда «Kazchemtrading» кәсіпорны цемент өндірісін жолға қоюға 4,5 миллиард теңге, Таласта «Каратау Кемикалс» серпіктестігі пиросульфит өндірісіне 2,8 миллиард теңге бөлсе, Шу ауданында «Қазақмыс корпорациясы» кәсіпорны тау-кен байыту фабрикасы жұмысын жүргізуге 55,7 миллиард теңге инвестиция құйған.
Бұдан бөлек, жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын 7 шағын инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Мәселен, «JJS сауда» жеке кәсіпкерлігі көкөніс қоймасын, «Kaz Ir Agro» серіктестігі мақсары майын өндіру, «Мол Даму» ӘКК сүт өнімдерін өңдеу цехын салуда. Ал «Arno Agro» кәсіпорны қарқынды бау-бақша, «МАТЫШЕВ» жеке кәсіпкерлігі көкөніс қоймасы, «Азия ботлерс» серіктестігі алкогольсіз өнімдер өндіру цехы, «ТСЕД гроуп» кәсіпорны құмды қиыршық тас шығаратын зауыт салу жобаларын жүзеге асыруда.
Ең бастысы – сан тараптан инвестициялар тартылуымен сан салада баламасы жоқ бірегей кәсіпорындар бой көтеруі, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңір жұртшылығының тұрмысы түзеліп, бақуатты болуына өз септігін тигізуде. Ең бастысы, Жамбыл жерінің бар байлығы кәдеге жаратыла бастауы қуантады. Қуаныш ұзағынан болғай!
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Конститутция күні аталып өтті
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024