НОҒАЙБАЙ АУЫЛЫНДА КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ 5 КӨШЕНІҢ ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛЕДІ
НОҒАЙБАЙ АУЫЛЫНДА КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ 5 КӨШЕНІҢ ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛЕДІ
Қордай ауданы, Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Ер-Серік Ешмұрат БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аймақтың жолдарының жай-күйі туралы айтты. Мәселен, ауылдық округте жалпы 4 ауылішілік көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауыл ішіндегі жолдарының жалпы ұзындығы Ноғайбай ауылы бойынша – 15,65 шақырымды құраса, Шарбақты ауылы бойынша – 18,0 шақырым, Сарыбастау ауылы бойынша-0,8 шақырымды құрайды.
Округте ауыз су, табиғи газ құбырларын тарту барысында соңғы 2 жылда қазба жұмыстары жүргізілген. Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес 5 көшеге тас шағалы төселініп, ағымды жөндеу жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде жалпы округ бойынша ауылішілік жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 18 % құрайды. 2024 жылға "Ауыл ел бесігі" бағдарламасына 5 көшеге сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамалық қорытындылары дайындалып, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне өтінім беріліпті. Округте барлығы 22 көшенің 4 көшесінде жарықтандыру бар. 2023 жылы аудандық бюджеттен 1049,0 мың теңге қаржы қарастырылып, техникалық қызмет көрсетуге 333,0 мың теңге жұмсалып, көше жарықтарына 716,0 мың теңге төленген екен. Ауыл әкімі, округтің абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына да тоқталды.
Ал, аймақтың көгілдір отынмен қамтылу жағдайына келер болсақ, бүгінгі күнге Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарына газ құбырының магистралі жүргізіліп, жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ мен ТҮКШ және АЖ бөлімі тарапынан қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарына табиғи газ құбырын үйлерге қосу үшін округ тұрғындарының мердігерді анықтау мақсатында жалпы жиналыстар өткізіліп, «Альянс Строй LLC» ЖШС белгіленді. Қазіргі таңда ЖШС-і тарапынан Ноғайбай ауылына жобалық сметалық құжаттамасы мен техникалық шарттары әзірленіп, қазба жұмыстары басталды. Ал Сарыбастау ауылына құжаттар әзірлену үстінде. Шарбақты ауылына әр тұрғын үйдің маңында газ құбыры жүргізілгендіктен ішкі жұмыстарына техникалық шарт пен табиғи газға қосу жұмыстарының құны белгілену үстінде. Ауыл тұрғындары таза ауыз сумен де қамтылып келеді. Мәселен, Ноғайбай ауылы бойынша – 242 тұрғын үй қосылған, қалған 36 үйде жеке құдықтары бар, 194 үйге су қосылмаған. Ноғайбай ауылында ауыз су құбырларының ескіруіне байланысты күніне 2 сағатқа су беріледі. Ноғайбай ауылында қызмет көрсететін желілермен су алу құрылыстары мен су құбыры желілерінің құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қазан айында магистральдік құбырларға ауыз суды жіберіп тексеру жұмыстары жүргізілді. Аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың соңы. Баспасөз конференциясында ауыл тұрғындарының жұмыспен қамту және әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілу жайы да айтылды.
Ал, Ноғайбай ауылдық округі бойынша №35 Рза Кунакова атындағы орта мектебі және №36 Н.Сауранбаев атындағы негізгі мектебі бойынша волейбол, кіші футбол, тоғыз құмалақ, шахмат үйірмелері тұрақты жұмыс істеуде. Қордай ауылшаруашылық колледжі бойынша еркін күрес және бокс үйірмелері тұрақты жұмыс істеп тұр.